«Қоңыр қаз» анимациялық фильмдер топтамасы 2Д жанрда, еліміздің айтулы мамандарының қатысуымен жүзеге асты. Әр бөлімге белгілі мәдениеттанушы Зира Наурызбаева арнайы сценарий әзірлеп, күй аңызы анимация тілінде бейнеленді. Кей күйлерге жаңа көркемдік шешім берілді. «balapan» телеарнасы «Қоңыр қаз» арқылы қазақ мультипликациясының атасы Әмен Қайдаров «Ақсақ құланымен» бастап кеткен анимациялық күй дәстүрін қайта жалғап отыр. Жоба аясында Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір, Ықылас секілді дәулескер күйшілеріміздің классикалық туындылары анимацияланған. Жобаның мақсаты – анимация арқылы күйге жан бітіру, өскелең ұрпаққа асыл қазынамызды қабылдап, түсіну мәдениетін сіңіру, сондай-ақ табиғатқа сүйіспеншілігін арттыру.