Ұлттық арна сазгер Ренат Гайсиннің «Астана - мақтанышым» композициясының музыкалық көрсетілімін ұсынады. «Қазақстан» РТРК»АҚ мен жас сазгердің ортақ туындысы Астана күніне арналған.
«Музыка - жанның бақыланбайтын және асау жалынынан пайда болады. Кенеттен туындаған шығарма ерекше бір әуезге ұласады.
«Астана - мақтанышым» шығармасының музыкасы қысқа мерзім ішінде жазылды. Себебі, менің ішкі әлемімде Астана бұрыннан нота болып жазылған еді», дейді сазгер.
Нәзік әуезді композиция фортепиано мен гармон тілінде өзен ағысын, кең даланың түнгі тыныштығын сипаттайды. Бейнебаянның тұсаукесері де Ұлттық арна эфирінен көрсетіледі.
«Біз Астананы әлі ешкім көрмеген қырынан көрсетуге тырыстық. Сондықтан, қала ғимараттарын үстінен түсіруге мүмкіндік берген квадрокоптерді пайдаландық.
Сондай-ақ, үлкен рояльді серуендейтін катерге орналастыруымыз тұрғындардың таңдайын қаққызған сәт болды. Кеш бойы Есілдің сәнін ақ кеме, ақ кемеге орнатылған ақ рояль және ақ костюм киген музыкант кіргізді. Есіл жағасы суретке түсіріп тұрған қала тұрғындарына толы болды», дейді бейнебаян продюсері Жеңіс Тұматаев.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан» РТРК» АҚ елорда күніне өткен жылдары Айман Мұсаходжаеваның «Жеке орындаушылар академиясы» Мемлекеттік камералық оркестрі және «Айгөлек» скрипкашы балалар ансамблімен бірлесе орындаған туындысын сыйға тартқан еді.