«Поэзия әлемінде» - Бауыржан Халиолла - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Бауыржан Халиолла

27.06.2015
«Поэзия әлемінде» - Бауыржан Халиолла

Бауыржан Халиолла - 1979 жылы 24 қарашада дүниеге келген. 2001 жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген.

«Жұмбақ қыздың жанары» («Жазушы», 2001), «Нәзік бұлт көшіп барады» (Орал, 2005), «Жұлдыз жауған жарық түн»(Орал, 2012) атты жыр жинақтарының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы.

Айтыс пен жазба поэзияны қос қанатындай ұстап, халықтың ықыласына бөленіп жүрген ақынның шығармашылығымен толығырақ бүгін 13:45-те «Поэзия әлемі» хабарынан таныса аласыздар.

Базына

Күзім өтіп барады күңіреніп,
Қаңқылдаған қаздардың үні болып.
Асылымды аңсаймын қайбір жылғы,
Асылардай мойныма түбі келіп.

Қысым өтіп барады қыңырайған,
Есейдім бе, күнім – түн, түнім – ойран.
Құбыжық қып түрімді көрсетеді,
Қолымдағы сабы жоқ сынық айнам.

Көктем өтіп барады көкорайлы,
Ұшқан бақыт жаныма жоламайды.
Саусағымнан сусыған сынап құсап,
Ып-ыстық жас көзімнен домалайды.

Жазым өтіп барады жадыраған,
Өткен… өшкен… өткінші бәрі маған.
Жолаушымын жанына торсық байлап,
Ішіндегі сусынға жарымаған.

…Өтсін, өтсін, қайтейін, өте берсін,
Тағдыр, әлі тапалап, төпелерсің.
Туған елім, жүрісім әрпіл-тәрпіл,
Еркелігін ұлыңның көтерерсің!

Хабарламаларға жазылу