Маусымның соңғы жексенбісі қарсаңында дәстүр бойынша бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді.
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының отандық телевизия саласында мамандарды даярлау орталығы бола білгені баршаға мәлім.
Жуырда Ұлттық арнаның қалыптасып дамуына үлесін қосқан маман Мұхамед Дүйсенбайұлы мерейлі 80 жасқа толды.
Мұхамед Дүйсенбайұлы 1970 жылдары аймақтардағы телевизия мен радио саласының дамуына атсалысып, Атырау, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Қостанай, Талдықорған, Арқалық және т.б. қалаларда телестудиялардың ашылуына, олардың білікті мамандармен жасақтауға күш салды.
Ресеймен шекаралас облыстарда қазақ тілінде телерадио хабарларын таратуға айрықша үлес қосты. Ал, телевизиядағы тәжірибелерімен бөліскен ақпараттық-сараптамалық жинақтары жас мамандар үшін құнды мәліметтер көзі болды.
«Мен алғаш оқуға түскенде журналистика бөлімшесі бар еді. Ол кезде факультет емес. Телевизия, радио туралы бағдарлама да жоқ. Тек 30 сағаттық арнайы курс деген болды. Өзім Омбының қазағымын. Сол жақта білім алдым, одан кейін оқуға түспес бұрын әскерде болып келдім.
Мәскеу, Челябі сынды біраз жерлерге бардым. Телевизияны жақсы біле бастаған кезім еді. Содан оқып жүрген кезде II курста өндірістік тәжірибені Омбыға барып, орыс газетінде, ал III курста орыс телестудиясында өткіздім. Телевизияға осылай келдім»,-деп еске алады қазақ телевизиясының ардагері.
«Бүгінде халық назары теледидарға ауды ғой. Сол себепті, тележурналистердің жауапкершілігі жоғары болуы керек. Әр сөзін ойланып жеткізгені дұрыс. Себебі, мыңдаған, миллиондаған халық экран алдында отыр»
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.