Достар туралы қандай әндерді білеміз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Достар туралы қандай әндерді білеміз?

17.06.2015
Достар туралы қандай әндерді білеміз?

Абзал достардың әнұранына айналған «Армандастар» әнінің  жарыққа шыққанына да қырық жылдан асты. Әннің әуенін Әсет Бейсеуов, ал, мәтінін ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов жазған. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары өнер адамдары өндірісте жүрген жастармен жиі араласатын. «Армандастар» әні сол кезеңде туған туынды еді.

Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов әннің шығуын былайша еске алады: «Бір күні Әсет маған телефон шалды. «Нұреке, біздің үйге тез жет. Нұрағаң екеуміз  өткендегі тапсырмаңды орындап жатырмыз»,-деп. Барсам, әннің қайырмасын орындап отыр екен. Содан мәтінін қарап шықтық. Көңілге қонымды болды. Бұл ән  бізге болашаққа жоспар құрып, соны жүзеге асыратындай жігер берді».

Ал, «Дос-Мұқасан» ансамблінің орындауындағы «Жан досым» әні нағыз сағыныштан туған шығарма. 1970 жылы институтты тәмамдаған жігіттердің алдында не өнер, не ғылым жолын таңдау тұрды. Бірі Мәскеу асып оқуға кетсе, енді бірі институт қабырғасында қалуды жөн санайды.

«Бір-екі жылдан кейін Мейірбек пен Хамит Мәскеуге аспирантураға түсіп кетті. Олар кеткеннен кейін көңіліміз жабырқап, қатты сағындық. Бір отбасыдай болып кеткенбіз. Содан маған достарға арнап ән жазу туралы ой келді»,-дейді композитор, «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Досым Сүлеев.

Бұл ойын композитор Тұманбай Молдағалиевке жеткізіп, әннің мәтіні жазылған соң, бірден нотаға түсіреді. «Жан досым» осылайша өмірге келді.

Достарға арналған өзге де әндер туралы толығырақ «Таңшолпаннан» біле аласыздар.

Хабарламаларға жазылу