Павлодарлық оқушылар жергілікті кәсіпорындарға жұмысқа орналасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық оқушылар жергілікті кәсіпорындарға жұмысқа орналасты

15.06.2015
Павлодарлық оқушылар жергілікті кәсіпорындарға жұмысқа орналасты

Павлодар қалалық Білім беру бөлімі басшысының орынбасары Қорлан Құспекованың айтуынша, мекеме жергілікті 40 кәсіпорынмен келісімшартқа қол қойған. Оқушылар аталмыш нысандардың аумақтарында абаттандыру, тазалық жұмыстарын атқарумен қатар, гүл егумен де айналысады.

Жеткіншектерге төленетін еңбекақының ең төменгі сомасы  – екі аптаға шаққанда 15 мың теңге. Оқушылар күніне үш сағаттан жұмыс істейді.

Қорлан Құспекованың сөзінше, өндіріс ошақтары балаларды абаттандыру жұмыстарына тартса, павлодарлық ауруханалар мен емхана өкілдері балалардан компьютерлік сауаттылық бойынша сабақ алуда.   

«Биыл жоғары сынып оқушыларын жұмыспен қамтуға облыс орталығындағы медициналық мекемелер ниет білдіріп отыр. Мәселен, Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада балалар 09.00-12.00 аралығында жұмыс істейді. Компьютерді жақсы меңгерген жеткіншектер медицина қызметкерлеріне офистік бағдарламаларды үйретеді, сонымен қатар, әлеуметтік мекемелерде тіркеу бөлімінде бланк, карточкаларды және мәліметтер базасын толтыруға көмектеседі. Екі апта ішінде олар 30 мың теңге табады. Мұндай тәжірибе №4 қалалық аурухана мен облыстық кардиоорталықта да бар. Жоғары сынып оқушыларының жалақысына арналған қаражатты аурухана өз бюджетінен бөлуде», - дейді Қорлан Құспекова.  

 

ФОТО: ar-ay.kz

Хабарламаларға жазылу