Бүгінгі таңда «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту» Коалициясы Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Кырғыз Республикасы, Беларусь, Латвия, Германия және Таиланд сияқты елдермен халықаралық серіктестікті дамытуда. Сонымен қатар, ұйым жасыл экономика қағидаларын дамытумен айналысатын ұйымдарымен тәжірибе бөлісіп, семинарлар өткізеді.
Осындай шаралардың бірі – 15-19 маусым аралығында өтетін жасыл экономика бойынша Тәжікстан мен Қырғыз Республикасынан келетін әріптестерге арналған оқу туры.
Қырғыз Республикасынан келетін делегаттар құрамы премьер-министрдің Кеңесшісі, энергетика министрінің Кеңесшісі, экономика министрлігінің өкілдері, сауда өнеркәсіп Палатасының вице-президенті, Мемлекеттік қоршаған орта және орман шаруашылығын қорғау агенттігі, жас кәсіпкерлер қауымдастығының Президенті, бизнес, мемлекеттік емес ұйымдар, БАҚ өкілдерінен тұрады.
Тәжікстан Республикасының делегаттар құрамына Тәжікістан Республикасы Үкіметінің жанындағы қоршаған ортаны қорғау Комитетінің қызметкерлері, экономика және сауда Министрлігінің, энергетика және су ресурстары министрлігінің, Тәжікстан Республикасындағы ЕҚҰО орталығының және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.
Оқыту турының мақсаты – жасыл технологиялар бойынша білім мен тәжірибе алмасу, жасыл экономика бойынша ең үздік жобалар мен тәжірибені тарату. Сонымен қатар, Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын жүзеге асырудағы тәжірибесімен танысу.
Оқу туры кезінде ҚР Парламентінің депутаттарымен кездесу, ҚР Энергетика министрлігінің, «Атамекен» ҚР Кәсіпкерлер Палатасының, «Астана EXPO-2017»ҰК» АҚ, Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының, Астанадағы ЕҚҰО жобалар Кеңсесінің өкілдерімен өтетін шаралар жоспарланған.
Осыған қоса, Назарбаев Университетіне, «Astana Solar» фотоэлектрлік моделдер зауытына, С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университет жанындағы энергоүнемділік пен білім тарату Орталығына, «Highvill» тұрғын үй кешеніне бару көзделген.
Жүзеге асқан жасыл жобалар мен технологияларды көру мақсатымен Коалицияның «Арнасай – жасыл алқап» алаңына саяхат ұйымдастырылмақ.
Жасыл экономика бойынша оқу туры «Жасыл экономиканы дамыту: ең үздік жобалар, проблемалары мен келешегі» атты дөңгелек үстелмен қорытындыланады.