Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарттары жөніндегі 20 жылға жуық уақытқа созылған келіссөздерді аяқтады.
Дүниежүзілік сауда ұйымының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қосылу жөніндегі құжаттар бумасы 22 маусым күні «кіру жөніндегі жұмыс тобы мүшелерінің мақұлдауына» ұсынылып, одан кейін ұйымның Бас кеңесіне бекітуге беріледі.
Қазақстанның кіру үдерісінің «күрделілігі мен бірегейлігі» Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігімен байланысты тариф жөніндегі келіссөздер жүргізу қажеттігінен болды.
Айта кетейік, Қазақстан аталған ұйымға кіру жөніндегі өтінішті 1996 жылғы 29 қаңтарда берген.
Қазіргі кезде ДСҰ-ға кіру туралы келіссөздерді 21 ел жүргізуде, олардың ішінде Әзірбайжан, Беларусь және Өзбекстан бар.
Бүгінде ДСҰ-ға 161 мемлекет пен аумақтар мүше.