Елордада күзде «APEC Petrotechnic» жоғары білім беру мектебінің филиалы ашылады. Атырау аймақаралық орталығы, мұнай-газ саласындағы білім берудің көшбасшысы – Канаданың Оңтүстік Альберта технологиялық институтымен бірлесіп құрылып отыр. Осыған орай «APEC Petrotechnic» жоғары білім беру мектебінің директоры Ермек Күзенбаев бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.
Атырау қаласындағы мұнай-газ саласының мамандарын даярлайтын мектептің тыныс-тіршілігі мен жаңалығы төңірегінде әңгіме өрбіткен Ермек Күзенбаев: «Еліміздегі мұнай-газ өңдеу компаниялары көбіне мамандардың біліктігі жетіспейді деп, шетелден кадр алып келіп жатады. Орталықты ашудағы негізгі мақсат – шетелдік мамандардың орнын басу, жоғары білікті мамандар даярлау»,-дейді.
«Бізде студенттер үш мамандық бойынша оқытылады. Бірінші – кен орындарын пайдалану. Мұнда студенттеріміз геологияға және қайта өңдеу кезеңіне қосылмайды. Бірақ, ортадағы барлық операциялар бойынша қызмет етеді. Екінші, бақылау-өлшеу құралдары және автоматика. Бұл мамандық негізінен мұнай-газ нысандарына қызмет көрсетуге бағытталған.
Мұнда студенттер мұнай-газ өндіруден және оны қайта өңдеу барысы бойынша барлық операциялар кезінде жұмысқа орналаса алады. Үшінші мамандық – «мұнай-газ өндіру технологиясы», деп аталады. Мұнда студенттердің геологиядан бастап қайта өңдеу кезеңіне дейінгі операциялар кезінде жұмысқа тұра алады. Бұл – студенттеріміздің мүмкіндігін арттырады және түлектерімізге жұмыс орнын таңдауға жағдай жасайды».
«Бүгінде 600 студент білім алуда. Жоғары мектепке түсу үшін ағылшын тілін білу міндетті. Сосын математика, физика пәндерінен емтихан тапсырады, сондай-ақ, логикалық тест болады»,-дейді «APEC Petrotechnic» директоры.