Бүгін - «Classic» радиосы алғаш рет эфирге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - «Classic» радиосы алғаш рет эфирге шықты

06.06.2015
Бүгін - «Classic» радиосы  алғаш рет эфирге шықты

«Classic» радиосы  2011 жылдың 6 маусымынан бастап 102,8 ҒМ жиілігінде Алматыдан хабар тарата бастады.  2013 жылдың 22 желтоқсанында радио Астана қаласында 102,7 FM жиілігінде эфирге шықты.     

Қазақстандағы және Орталық Азиядағы тұңғыш классикалық музыка радиосы -   «Қазақстан» РТРК» АҚ және Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының  біріккен жобасы.  

«Classic» радиосының негізгі идеялық рухани дем берушісі - Қазақстан Республикасының Халық әртісі - Жәния Әубәкірова.  

Шығармашылық ұжымның директоры - өнертану ғылымдарының  кандидаты, іскерлік әкімшілік магистрі, Жұманиязова Раушан Кеңесқызы. Білікті басшының ұйымдастыруымен «Classic» радиосы,   Ресейдің    Радио «Орфей» (Мәскеу), BR-Klassik (Германия,  Мюнхен), BBC3 (Ұлыбритания, Лондон), KUSC ( АҚШ, Лос-Анджелес) сияқты беделді радиостанцияларымен ынтымақтастық байланыс орнатқан.   
     
«Classic» радиосының мақсаты - тарихта қалған және қалатын мәдени құндылықтарды дәріптеп, классикалық музыканың мол қазынасын тыңдарманның рухани азығына айналдырып, музыка әлемінің ғажайып тілін ұғындыру.

«Classic» радиосы толығымен сандық спутниктік байланыс арқылы 18 сағат  бойы үзіліссіз хабар таратуға бейімделген. Күн сайын  қазақ және орыс тілдерінде, Қазақстанның және шет елдердің мәдени жаңалықтары тікелей эфирден таратылады.

Бүгінде «Classic» радиосының эфирі эксклюзивті танымдық-музыкалық бағдарламалармен толығып келеді.  

«Киноблюз», «Диалог»,  «Классикомания»,  балаларға арналған  қазақ  және  орыс тілді «Музыкалық Одиссея», «Культурная мозаика с Жанией Аубакировой», «Грани», «Jazz Time», «Тылсым перне», «Игра в бисер  с Нургуль  Ертаевой», «Арнайы шығарылым» бағдарламалары тыңдарманның рухани қазынасына айналды. Бұл - «Classic» радиосының төл өнімдері.
  
«Classic» радиосында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының түлектері, өнертанушылар мен кәсіби  музыканттар    қызмет атқарады. Бағдарламалардың  мазмұнды, сапалы және көркем болуы шығармашылық ұжымның еселі еңбегінің жемісі. 

2013 жылы Лондонда  «Classic»  Радиосының «Классикомания» бағдарламасы «AIBs Inspiring Creativity Awards» телерадио хабарларын  тарататын  халықаралық  ассоциациялар байқауында көңіл сергітетін,   білім беретін, біртума бағдарлама ретінде арнайы дипломмен марапатталып лауреат атанды.  

2013  жылы Fashion TV Awards рәсімінде «Classic» радиосына «За то, что не выходит из моды» сыйлығы тапсырылды. 

Хабарламаларға жазылу