Бүгін – Әмен Қайдаровтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Әмен Қайдаровтың туған күні

03.06.2015
Бүгін – Әмен Қайдаровтың туған күні

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Құйыршық» және басқа да көптеген мультфильмдерде Әмен Қайдаровтың қолтаңбасы сайрап тұр.  «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындысы талай жылдан бері қазақ балаларының жанына азық болып келеді.

Қазақ мультипликациясының негізін салушы Әмен Қайдаровты да талантты аниматор ретінде танымал еткен осы мультфильм еді. 1968 жылы Бүкілодақтық кинофестивальде озып шыққан мультфильм 1975 жылы да «Уолт Диснейдің» отаны – Нью-Йоркте өткен халықаралық бәйгеде топ жарып, кейіннен әлемнің 48 елінде көрсетілді.

Бұл шығарма балғындарға арналған болса да, оның өмірлік философиялық мәнін автор: «Түрлі тақырыптар кездеседі. Бір күндік және мәңгілік тақырып болады. Қарлығаш кішкентай болса да, адамзатты айдаһардан құтқарамын деп жанын пида етті. Өмірде де солай, қиындық атаулы айдаһар сияқты. Кейін айдаһар құлап, ұсақ жыланға айналып кетеді. Өмірде де дәл сондай ұсақ жылан сияқтылар бар. Өмір – күрес, сол күресте жеңіп шығу керек»,-деп түсіндірген еді.

Әмен Қайдаровтың аңыз-әңгімеге байланысты туған тағы бір шығармасы – «Ақсақ құлан». Мультфильмді әйгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев әуенмен әрлеп, Шәкен Айманов дыбыстаған болатын. Онда автор киелі аспаптың құдыретін  айқын бейнелеген.

Аниматордың басқа да туындылары турасында толығырақ «Таңшолпаннан» біле аласыздар.

Хабарламаларға жазылу