Хатип Миннегулов: Мен қазақ дүниесіне Рымғали арқылы келдім - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Хатип Миннегулов: Мен қазақ дүниесіне Рымғали арқылы келдім

02.06.2015
Хатип Миннегулов: Мен қазақ дүниесіне Рымғали арқылы келдім

«Бұл  ғалымдардың елімізге келудегі мақсаты – қазақтың ардақты ғалымдарының бірі, академик Рымғали Нұрғалиұлының 75 жылдық мерейтойына орай  халықаралық конференция өтті. Сол конференцияда осы екі ғалым ағамыз баяндама жасады.

Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы және қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, академик Сейіт Қасқабасов ағамыздың шақыртуымен елімізге келген ғалымдар оқу орынымен байланыс орнатып жатыр»,-деді Серікзат Дүйсенғазин.

«Рымғали Нұрғалиұлын мен студент кезімнен білемін.  Ол уақытта студенттер конференциясы өтетін.  Кезінде татардың Ғалымжан  Ибрагимов деген үлкен ақыны болған. Кезінде Мағжанға, Бейімбеттерге сабақ берген.  

Рымғали Нұрғалиұлы сол кісі туралы жазған. Таныстығымыз содан бері жалғасып келеді. Мен қазақ дүниесіне осы Рымғали арқылы келдім. Ол – үлкен ғалым, еңбектері қазірде де маңызын жойған жоқ. Ал, бүгінде Сейіт Қасқабасовпен тығыз байланыстамыз»,-дейді Хатип Миннегулов.

Ал, Рымғали Нұрғалиұлының қазақ әдебиетіне, әлем әдебиетіне қосқан үлесіне тоқталған Али Аббас Чынар: «Рымғали Нұрғалиевпен 1992 жылы таныстық.  Сол жылдары бір топ қазақ зиялылары Түркияға келген еді.

Сонда Мұхтар Мағауин, Қойшығара Салғараұлы үшеуі  бізге бір апта сабақ берді, конференция өткізілді. Ол кісі елдеріміз арасындағы қарым-қатынасқа байланысты көп жұмыстар атқарды. Түркияда бірнеше романның жарыққа шығуына көмектесті.

Тәуелсіздіктен кейін қарым-қатынасымыз маңыз ала бастады. Мысалы, 1995 жылы Абайдың таңдамалы өлеңдерін түрік тіліне аудардым. 1997 жылы М.Әуезов туралы он кітап шықты.

Ал, бүгінде Мекемтас Мырзахметұлы, Сейіт Қасқабасовтың, Мұхтар Шахановтың еңбектері жарияланды. Мұқағали Мақатаевтың, Әбіш  Кекілбаевтың еңбектері аударылды. Жалпы, қазақ дүниесі туралы кітаптар 100-ге жуықтады»,-дейді.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу