«Астана» радиосының эфирінен шығатын «Мен қазақпын!» бағдарламасының осы хабары репрессияға ұшыраған қазақ әндері мен күйлеріне арналды. Хабар барысында ел мен жердің қамы үшін алтын басын оққа байлаған Алаштың аяулы ұлдарының қиын өмір жолы туралы тағылымды әңгіме өрбіді.
Қаралы жылдарда қазақтың зиялысы ғана емес, қазақтың әні де, күйі де қуғынға ұшыраған. Репрессияның қазақтың ән өнеріне қиянаты турасында бағдарламаға қонақ болған әнші, өнер зерттеушісі Ықылас Ожай айтып берді.
Оның айтуынша, шоқындыру, миссионерлік бағыт музыкада да болған.
Музыкатанушылардың зерттеуінше, 30-шы жылдардың басында 500-ге жуық қазақ әні қуғынға ұшыраған. Ән мәтінінде бай, құдай, дін, молда деген сөздері болған әндерге тиым салынған, авторлары қуғындалған. Одан кейін 50-шы жылдардың кезінде екінші саяси бұлғақ келді. Зерттеушілердің мәліметі бойынша, 300-ге жуық қазақ әндерінің мәтіні түзіліп, ән әуені өзгертілген.
Мысалға, Жүсіпбек Елебеков бәсін биіктетіп шырқаған әннің бірі – «Қанатталды» әні. Қабиба Елебекованың естеліктерінің бірінде бұл әнді Орынбек Беков түзеген.
Қосымжан Бабақовтың ұлы Мұхамедияның айтуынша, бұл әннің мәтіні бұрын былай болған:
Ғашықтық – бір ыстық күн желі тымық,
Басына түскен жанның көңілі сынық.
Қаратпас бай-жарлының шамасына,
Адамды желіктірсе жігітшілік.
Осы әнде бай-жарлының деген сөз өзгеріске ұшыраған. Зерттеушілер ән мәтінін зерттегенде бұл Міржақып Дулатовтың өлеңдерінің ішінен шыққан.
Бағдаралма жүргізушілері – Ербол Алшынбай және Нәзира Сұлтанмұратқызы.
Бағдарламаның толық нұсқасын astanafm.kz сайтынан тыңдауға болады.