Ақкенже Әлімжан: Рөлге дайындалуға маған екі-ақ күн берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақкенже Әлімжан: Рөлге дайындалуға маған екі-ақ күн берілді

29.05.2015
Ақкенже Әлімжан: Рөлге дайындалуға маған екі-ақ күн берілді

2 маусым күні «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында тұсауы кесілетін «Қазына» телехикаясында әнші, актриса Ақкенже Әлімжан да ойнайды. Бүгін «Таңшолпанда» қонақта болған актриса  туынды төңірегінде әңгіме өрбітті.

«Телехикаядағы менің кейіпкерім – мен үшін ерекше. Өйткені, бұрынғы рөлдерге қарағанда, Ішкі істер министрлігінің агенті бейнесін сомдау белгілі бір шеберлікті қажет етті. Бұл рөлге дайындалуға маған екі-ақ күн берілді. Әйтеуір, бойымыздағы бар жиған тәжірибемізді алып, түсірілім алаңына бардық. 

Мен үшін қиындық тудырған эпизод – телехикаяда қылмыстық топтың арасына ену үшін түрлі  есірткі заттарын қолдануы керек болады. Менің кейіпкерім полиция келіп қалған кезде қолындағы экстазиді жұтып жібереді. Сол кездегі көріністі, есірткіні қабылдаған кездегі күйді беру қиын болды»,-дейді Ақкенже Әлімжан.

«Кез келген кейіпкерді сомдау – оны зерттеуден басталады. Біз де теледидар көріп, кітап оқимыз. Сонда ойлаймын, егер осы кейіпкердің орнында болсам, не істер едім, қандай әрекетке барар едім, деп. Маған жағымсыз кейіпкерді сомдаған ұнайды. Себебі, оның айтар сыры көп болады. Кейіпкер жағымсыз болғанымен, оны көрерменнің алдында ақтап алу керек. Ол неліктен жағымсыз болды? Демек, соңында бір сыр бар, деген сөз».

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу