ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры, әнші-ұстаз Жұмат Махамбетов таңғы бағдарламада қонақта болып, шығармашылық жаңалықтарымен бөлісті.
Дәстүрлі әндер мен заманауи әндердің бүгінгі беталысы турасында әңгіме өрбіткен Жұмат Махамбетов: «Кешегі Әміре Қашаубаев, Елубай Өмірзақов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков – халық арасынан шыққан нағыз таланттар. Алайда, біздің Қазақ радиосы олардың әндерін өте сирек береді. Жеке өз басым ол кісілердің әндерін сағынамын.
Ал, дәстүрлі әншілерге келер болсақ, кейбір әншілеріміз эстрадаға көп көңіл бөліп жатыр. Меніңше, адам табиғат берген өнерін тастамауы керек. Жан-жақты болған да дұрыс. Эстраданы қатар алып жүре берсін, тек домбырасын тастамасын»,-дейді.
«Эстрадалық бағыттағы біраз әншілеріміз қазақтың дәстүрлі, диапазоны кең әндерді орындай алмайды. Мысалы, «Жиырма бес», «Ғайни», «Назқоңыр» сынды әндер бар. Осы «Назқоңырдың» диапазоны бір арияның мүмкіндігіндей. Бұған көп әншілеріміздің дауысы жетпегендіктен, өзгеріске ұшырайды».
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.