Тарихшы Малік-Айдар Асылбеков қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарихшы Малік-Айдар Асылбеков қайтыс болды

20.05.2015
Тарихшы Малік-Айдар Асылбеков қайтыс болды

20 мамырда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси және демографиялық даму мәселелері бойынша зерттеуші мамандардың бірі, тарих ғылымдарының докторы, академик Мәлік-Айдар Асылбеков қайтыс болды.

Мәлік-Айдар Асылбеков 1929 жылы 15 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Шардара ауылында дүниеге келген.

Малік-Айдар Асылбеков – ХІХ-ХХІ ғғ. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси және демографиялық даму мәселелері бойынша зерттеуші мамандардың бірі, тарих ғылымдарының докторы (1974), ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі (1983), профессор (1983), ҚР ҰҒА академигі (2003), Қазақстан ғылымының Еңбек сіңірген қайраткері (1998).

1945 жылы орта мектепті, ал 1948 жылы Шымкент мұғалімдер институтын, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін үздік дипломмен оқып бітірген.

М.Асылбеков 12 ғылым докторы мен 50 ғылым кандидаттарын даярлаған. 500-дей ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы. Олардың ішінде 15 монография, 10 жалпылама ұжымдық еңбектер және брошюралар бар.

«Қазақ КСР тарихы» 5 томдығы, «Қазақстан тарихы» 5 томдығы, «Қазақстан тарихы» очеркі (1993), сынды еңбектердің авторлардың бірі. «Кеңестік Қазақстандағы жұмысшы тобының тарихы» атты 3 томдықтың (1987-1988) редакторы әрі авторы.

1984 жылы КСРО ҒА (Ташкент) Африка мәселесіне орай өткізілген Ғылыми кеңестің отырысында «Значение для развивающихся стран первых революционных социально-экономических преобразований в республиках Средней Азии и Казахстане (опыт 20-30-х гг.)» тақырыбында баяндама жасаған. 1993 жылы қазақстандық қоғамтанушы-ғалымдардың құрамында АҚШ-да ғылыми іс-сапарда болды, Беркли және Сан-Франциско қалаларындағы университеттерде дәріс оқыған.

Хабарламаларға жазылу