Мекемтас Мырзахметов: Зұлмат жылдары түркі халықтарының ішінде саяси санасы алдымен көтерілген қазақ халқы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мекемтас Мырзахметов: Зұлмат жылдары түркі халықтарының ішінде саяси санасы алдымен көтерілген қазақ халқы болды

18.05.2015
Мекемтас Мырзахметов: Зұлмат жылдары түркі халықтарының ішінде саяси санасы алдымен көтерілген  қазақ халқы болды

Зұлмат жылдары солақай саясаттың құрбаны болған қазақтың ұл-қыздарын еске алып, оларды ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 31 мамырды саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойды.

Ал, 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды.

1930 жылдары Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 25 мың адам ату жазасына кесілген.

Сол жылдары «Халық жауларын» анықтау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілген. Қатыгез саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздерімен қоса, олардың жақындары да жапа шекті.

 «1937 жылы «халық жауы» болып, тәжіктен 1 адам атылды, өзбектен 7 адам, қырғыздардан 40 адам атылды. Ал, қазақтан 25 мың адам атылды. Себебі, олар қазақтардан сескенген. Түркі халықтарының ішінде саяси санасы алдымен көтерілген  қазақ халқы болды»,-дейді бір сұхбатында филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов.

«Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!», деген ұранды ұстанған қазақ зиялылары елдік мұраттың жойылмауын көздеді.

Тұтас бір ұлттың көзін жоюға бағытталған сұрқия саясатты ұстанғандар ең алдымен, қазақтың бар байлығы - қолындағы малынан айыруды көздеді. Кейбір дереккөздері бойынша, 1928 жылы Қазақстанда мал басы 40 миллион болса, 1933 жылы оның 4 миллионы ғана қалған.

31 мамыр қазақ халқы үшін айрықша маңызға ие. Атаулы күнге орай жыл сайын Астана маңындағы Ақмол кентінде орналасқан «АЛЖИР» кешенінде гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Сондай-ақ, еліміздің әр өңіріндегі мектептер мен жоғары оқу орындарында түрлі шаралар ұйымдастырылады. 

Хабарламаларға жазылу