Жауын-шашын салдарынан 16-17 мамыр күндері елорданың 12 учаскесін су басып, көлік қозғалысы шектелді. Қазгидрометтің мәліметі бойынша, жауын-шашынның айлық мөлшері 34 мм болса, сол күні бір тәулік ішінде 38,5 мм жауын-шашын жауған. Синоптиктердің хабарлауынша, елордада алдағы күндері де көшпелі бұлт шығып, жаңбыр жауады деп күтілуде.
«Демалыс күндері жауған жауын-шашын жалпы нормадан ауытқыған құбылыс. Жауған жаңбыр мөлшері қалыпты мөлшерден асып кетті және синоптиктердің болжамынша мұндай жағдай алдағы уақытта да қайталануы мүмкін. Сондықтан, бұл күндері барлық техниканы жұмылдырып, күнделікті кезекшілік ұйымдастыру қажет. Су соруға арналған құрылғылар су басу қаупі бар жерлерде орнатылуы керек, - деді Әділбек Жақсыбеков.
Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс атқаруда. Астана қаласында демалыс күндері 10 мың текше метр жауын суы сорылған.