«Адам баласының әдемі қартая білуінің өзі – баға жетпес бақыт», - дейді қариялар. Қартын сыйлап, анасын ардақтаған ел азбайды.
Жасында қаншалықты бейнеттенсе, қартайғанда оның зейнетін көріп, отбасының ұйытқысы, қарашаңырақтың тірегіне айналған қарияларымыз Қазақ радиосында қонақта болып, ақ батасын берді.
Қазыналы қарттардың өмірінен сыр шертетін «Қарттарым, аман-саумысың?» хабарының өткен санында жастар тәрбиесі туралы айтылды.
75 жастағы ұстаз, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері, профессор Майра Омарбаева: «Қазір жастар өз ойын ашық айта алмайды. Өйткені, сөздік қоры аз. Ал, оларға ең керегі – батырлар жыры. Эпостық жырларда ер жігітке тән мінездер, қыздарға тән қылықтар бар. Балаларды кішкентай кезінен кітап оқуға үйрету керек», - дейді.
Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген Майра Омарбаева әнші, актер Мұхтар Өтебаевтың (1928-1976) жары.
«Жолдасым өнерлі адам еді. Ол өмірінің соңында «Қобыландыны», «Қыз Жібекті» және «Мұңлық-Зарлықты» пластинкаға жаздырып кетті», - дейді профессор.
Хабар соңында Майра Сұмағұлқызы жастарға ақ батасын берді.
«Енді соғыс болмасын! Бүгінгі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне Алла тағала әл-қуат берсін. Олардың жүрген жүрісі, айтар сөзі – бәрі жастарға үлгі. Қарттарын ардақтай білген елдің руһы үстем, тірегі мықты болмақ. Бүгінгі жастар ата-бабасын ұмытпай, үлкендерді сыйласын», - дейді ардақты ұстаз.
Айта кетейік, «Қарттарым, аман-саумысың?» хабарында, сондай-ақ, еліміздегі қариялардың әлеуметтік жағдайы, бүгінде қарттар үйінде тұрып жатқан әже-аталарымыздың жай-күйі баяндалады. Хабардың өткен сандарын www.kazradio.kz сайтының мұрағатынан тыңдай аласыздар.