15 мамыр қазақ қыздарының арасындағы тұңғыш ұшқыш – Хиуаз Доспанованың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

15 мамыр қазақ қыздарының арасындағы тұңғыш ұшқыш – Хиуаз Доспанованың туған күні

14.05.2015
15  мамыр қазақ қыздарының арасындағы тұңғыш ұшқыш – Хиуаз Доспанованың туған күні

Заңгер, қоғам қайраткері Ирак Елекеев, журналист, Республикалық «Айқын» газетінің Атырау облысындагы меншікті тілшісі  Тұрсын Қалимова  және суретші-иллюстратор Аңсаған  Мұстафа бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.

«Хиуаз Доспанова туралы көп айтуға болады. Ол кісі тік мінезді адам-тын. Қазақ қоғамында тік айтатын адамды жақтырмайтын қасиет бар. Содан болар, ол кісінің ерлігі  көпке дейін елеусіз қалды. Бірақ, Елбасына рахмет, батыл қыздың батырлығын ескеріп, Халық қаһарманы атағын берді. Қазір Хиуаз Доспанованың есімі халыққа енді-енді тарай бастады»,-дейді  Ирак Елекеев.

Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанованың  есімін беру идеясын көтерген журналист Тұрсын Қалимова: «Қазақтың қыран қызы Халық қаһарманы атағын алғанға дейін, халық ол туралы бейхабар болып келді. Ол кісі елеусіз қалды. Жеңістің 60 жылдығына дейін ол кісінінің есімі ескерілмеді.

2008 жылы Атырау облысы әкімінің есеп беру жиынында қала  тұрғындары Хиуаз Доспановаға ескерткіш орнату жөніндегі ұсыныспен шықты. 2010 жылы ұшқыштың бюсті ашылды. Сол кезде  Хиуаз Доспановамен бірге Оралдағы аэроклубта бірге оқыған соғыс ардагері Айдын Айбаров: «Бұл бюсттің тұратын жері бұл емес, әуежайдың маңайы»,-деген еді.

Ол кісінің осы сөзі мені ойландырды.  Содан ескерткішті  ауыстырғанша, неге әуежайға ұшқыштың атын бермеске деген ой келді.

Оның үстіне Атырау – шетелдік инвесторлар көп келетін аймақ.  Егер әуежайдың маңдайшасында «Хиуаз халықаралық  әуежайы», деп тұрса, шетелдіктердің қызығары, неге бұлай аталғаны, Хиуаз деген кім деп ақпарат іздейтіні анық»,-дейді.

Ал, суретші-иллюстратор Аңсаған  Мұстафа Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Шашу» атты көрмесінде жейделерге арналған суреттерін көрермен назарына ұсынған еді. Суретші қазақ хандары, батырлары, ғалым-ағартушылары  бейнеленген суреттерінің қатарына Хиуаз Доспанованы да қосқан.

«Хиуаз Доспанова көбіне қалтарыста қалып қоя береді. Жастар көзбен жаттайды ғой. Сол себепті, қазақтың осындай батыр қызы барын білсін деген мақсатпен Хиуаз Доспанованың  бейнесін қостым»,-дейді.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көріңіз.

Хабарламаларға жазылу