Төлен Әбдік: Ербол Шаймерден – қазақтың поэтикалық тілін жақсы меңгерген ақын болатын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төлен Әбдік: Ербол Шаймерден – қазақтың поэтикалық тілін жақсы меңгерген ақын болатын

12.05.2015
Төлен Әбдік: Ербол Шаймерден – қазақтың поэтикалық тілін жақсы меңгерген ақын болатын

Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік және жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай бүгін таңғы бағдарламада қонақта болды.

Ақын, жазушы-көсемсөзші Ербол Шаймерден турасында ой өрбіткен Төлен Әбдік: «Әдебиет – үлкен әлем. Оның ішінде шын әдебиетті жасап жүргендер де, қара көбейтіп жүргендер де бар. Бірақ, соның барлығы өзінің лайықты бағасын ала бермейді. Себебі, өмірдегідей әдебиетте де пысықтар бар. Әдебиетте жақсы мен жаманды айыру үшін күресу керек. Ербол Шаймерден де көзі тірісінде лайық бағасын ала алмаған жан.

Парасатты адамдардың бәрі кішіпейіл келеді ғой, Ербол да сондай еді. Оның өлеңдерінде терең сырлылық, ойлылық бар. Қазақтың поэтикалық тілін жақсы меңгерген ақын болатын. Өзі жан-жақты еді. Аудармашығы туралы әңгіме тіптен бөлек.

Әлемге танылған классигіміз Әбдіжәміл Нүрпейісовтің өзі кезінде «Қан мен тердің» кіріспе сөзін мүйізі қарағайдай бірде-бір академик, бір сыншыға жаздырмай, осы Ерболға жаздырғаны есімде»,-дейді.

Ал, Ербол Шаймерденнің әріптесі, курстасы Қуаныш Жиенбай: «Ербол – сыпайы, ізетті, адамгершілігі мол азамат еді. Оның қолында бар мүмкіншілік тұрды. Мысалы, бүгін жазғанын ертең-ақ баспасөзге шығаратындай мүмкіндігі болды. Бірақ, ол бұған бармады. Ол жазған дүниесінің соңғы нүктесін қойғанша, өзінің көңілінен шыққанша, жұрттың талқысына ұсынбайтын»,-деп еске алады.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу