Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына - 90 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына - 90 жыл

09.05.2015
Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына - 90 жыл

Қаршадай ғана қазақ қызы небәрі 19 жасында ерлікпен қаза тапты. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Әлия ел сүйсінерлік ерлік жасап, өшпес із қалдырып кетті.

Әлия Молдағұлованың 90 жылдығына арналған мерекелік шаралар жыл басында басталды. Мысалы, жоғары сынып оқушылары арасында пневматикалық мылтық атудан Ақтөбе облыстық «Мерген ару — 2015»  байқауы ұйымдастырылды. Сәуір айында өткен «Тәуелсіздік — толғауым, Ұлы Жеңіс —жалауым» атты халық театрларының ІХ аймақтық фестивалі Жеңістің 70 жылдығына және Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдығына арналды.  Екі күнге созылған мәдени шарада көрермендердің назарына  18 қойылым ұсынылды, деп хабарлайды www.aktobegazeti.kz.

Облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Мақсұтованың айтуынша, батырдың құрметіне арналған түрлі шаралар жыл бойы өткізіледі.

Әлияның өмірі

Әлия Нұрмұхаммедқызы Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында Нұрмұхаммед Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында дүниеге келген. Сегіз жасында анасы қайтыс болған Әлияны Алматыда тұратын нағашы ағасы алып кетеді. Ал 1935 жылдан бастап Ресейдің Ленинград қаласы Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленеді. Санкт-Петербургтегі №9 орта мектепте білім алады.

Соғыс басталған жылы балалар үйі Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Әлия осындағы Вятское орта мектебінің 7-сыныбын аяқтаған соң Рыбинск авиациялық техникумына оқуға түседі. Дегенмен, 1942 жылы  Жұмысшы-шаруа Қызыл Әскеріне майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 жылы мергендер даярлау жөніндегі Орталық әйелдер мектебін аяқтап, осы жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған. Батыр қыз 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы Казачиха ауылы маңында болған соғыста ерлікпен қаза тапты. Батыр Новосокольники ауданының Монаково ауылында жерленді. Ол қайтыс болғаннан кейін, 1944 жылдың 4 маусымында Кеңес Одағы Батыры атағы берілді.

Әлияға қойылған ескерткіштер

1.Новосокольники қаласы (авторы М.Айнеков)

2.Ақтөбе (Л.Рапутов, Е.Штамм)

3.Ақтөбедегі мемориалды кешен (авторы Б.Әбішев)

4.Әлия ауылы (Б.Әбішев)

5.Алматыда «Шығыстың қос жұлдызы» атанған Әлия мен Мәншүкке арналған мемориалды кешен бар.

6.Мәскеуде. (Б.Әбішев)

7.Мемориалды музейдегі Әлия бюсті (О.Шанов).

КӨШЕЛЕР:

Ақтөбе, Мәскеу, Санкт-Петербург, Тараз, Астана қалаларында Әлия Молдағұлова атындағы көшелер бар.

Суреттер:

«Әлия» (С.Әлімбетов), «Мәңгілікке сапар» (А.Ануфриев), «Бұлақ ауылы» (А.Корват), «Мерген Әлия Молдағұлова» (А.Сапугов), «Мерген Әлия» (күріштен жасалған) (Ф.Терещенко), «Әлия» (О.Нұржұмаев), «Бұлақтағы Әлияның үйі» (Н.Өтегенов), «Соңғы көктем» (Т.Телеушев).

Гобелендер

«Әлия» (М.Нартов, Н.Рахманқұлов), триптих «Әлия» (Б.Атыраубаев).

Әлия атындағы музейлер

Облыстық мемориалды музей (Ақтөбе қаласы), №891 Мәскеу орта мектебі мен №140 Санкт-Петербург орта мектебіндегі музейлер, Әлия ауылындағы патриоттық тәрбие беру орталығы.

Әлия — Дастан

«Әлия-Мәншүк» жинағы, «Песнь Праматери Хобды» (А.Өтегенов), «Гүл-ғұмыр» поэмасы, «Он тоғыз жас» әні (Е.Ашықбаев), «Қызғалдақ-ғұмыр Әлия» мен «Сағыныш» әні (Г.Аймаханова), «Әлия» әні (Б.Тәжібаев пен С.Байтереков), «Ару қыз, ержүрек қыз, Әлия қыз» әні (композитор Қ.Қожанбаев), «Әлия» әні (Ә.Садуакасова), «Әлия» деректі повесі (Ә.Оралбай), «Әлия-Мәншүк» поэмасы (Т.Молдағалиев), «Әлияның жүрегі» (Я.Хелемский), «Әлия Молдағұлқызы» повесі (Ж.Жұмақанов), «Әлия» дастаны (С.Жиенбаев), «Шығыс шынары» повесі (Ә.Нұрмаханова), «Әлия» поэмалары (К.Деркаченко, Р.Трофимов), «Әлия»  балеті (М.Сағатов), «Әлия» атты деректі фильм (режиссер Ю.Пискунов) және «Снайперлер» фильмі (реж. Б.Шәмшиев), «Әлия» спектаклі (Ә.Тарази), «Жарық жұлдыздар» поэмасы (С.Жиенбаев). Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әнін орындаған әнші Роза Рымбаева дүниежүзілік байқауда лауреат атанды.

Хабарламаларға жазылу