Әлеуметтік желіге жазуға болмайтын 5 құпия - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желіге жазуға болмайтын 5 құпия

09.05.2015
Әлеуметтік желіге жазуға болмайтын 5 құпия

Балалар қоғамдық орындарда өзін қалай ұстау керектігін, жол ережелерін сақтау қажет екенін білумен қатар, бүгінде әлеуметтік желілердегі этикадан хабардар болғаны жөн.

Мысалы,  Facebook, Twitter және тағы да басқа әлеуметтік желілер бұрынғыдай қауіпсіз және соншалықты ыңғайлы емес. Балалар мен жасөспірімдер виртуалды өмірде жазылған жазбалар атылған оқтай, ұшқан құстай, кері қайтаруға болмайтынын түсінбейді. Ал, әлеуметтік желілердегі жазылған ақпараттарды әркім әртүрлі мақсатта пайдалануы мүмкін.

Сондықтан балаларға интернет және әлеуметтік желідегі қауіпсіздік туралы жиі айтып, өзі туралы ең жақын досына, кейде оның құлағына сыбырлап айтатын әңгімелерді ешқашан әлеуметтік желіге жазуға болмайтынын түсіндіру керек.

 

Отбасы мүшелерінің туған күндері туралы

Туған күнде виртуалды сыйлық, құттықтаулар алған жақсы. Бұл - кейбіреулер үшін достарының  туған күнін ұмытпағанын, айналасындағылар оны жақсы көретінін білдіруі мүмкін.  Алайда, интернет-қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар профильде туған күні туралы нақты ақпарат көрсетілмегені дұрыс деп санайды. Ал, туған күн - ең дәл деректердің бірі.  

Мұндай ақпараттарды алаяқтар фейк аккаунт ашуға немесе басқа да заңсыз қаржы операцияларына пайдалануы мүмкін.

Бірақ барлық әлеуметтік желіге туған күнді көрсетпей тіркелуге де болмайды. Мұндай жағдайда  не туған жылды, не  туған күнді көрсетуге болады.

 

Отбасылық жағдайы

Бүгінде балалар да әлеуметтік желілердегі парақшаларына жеке өміріндегі қарым-қатынас туралы ашық жазады. Бұл да «қауіпті» ақпараттардың бірі. Мұндай жазбалар бейтаныс адамдармен танысуға түрткі болуы мүмкін.

 

Мекенжай туралы

Интернет қолданушылар үшін қайда жүргенін, бос уақытында қайда баратынын, қашан үйге келетінін әлеуметтік желілерде белгілеу – қызықты ойын сияқты. Бұл да алаяқтар үшін  таптырмас ақпарат.

Баланың аптасына жеті күн және тәулігіне 24 сағат қайда болатынын тек ата-аналары ғана білуі тиіс. Балаға неліктен сайттарда нақты ақпараттар мен алдағы жоспарлар туралы жазуға болмайтынын түсіндіру маңызды.

Сондай-ақ, үйде жиі жалғыз қалатыны немесе бір жаққа баратыны туралы жазуға болмайтынын үнемі ескерту қажет.

Егер қандай да бір  концерт немесе саяхаттан алған әсерін, суреттерін бөліскісі келсе, шара өтіп кеткен соң жазған дұрыс. 

 

Үйде жалғыз қалғанын жазбаған жөн

Балалар әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдармен сөйлесіп, оларға  өздері туралы ақпарат жаза береді. Сондықтан оларға  үйде жалғыз қалатынын, ата-анасы қай уақытта жұмыстан келетінін, қайда жұмыс істейтінін және таяуда сатып алған гаджет туралы интернетте жазбау керек екенін түсіндірген абзал.

Сонымен қатар, мұндай ақпараттарды экранның ар жағында отырған досына да айтуға болмайды. Себебі балалар досының қайда, кіммен отырғанын білмейді. Ал, әлеуметтік желідегі парақшадағы жазбаларды кез келген адам оқи алады.

Мұндай жазбалар ұрлықшылар үшін  «олжа» болуы мүмкін.

 

Балалардың суреттері мен есімдері

Интернет-қауіпсіздік жөніндегі сарапшыларды ата-аналардың нәрестелерінің  суреттерін интернетке жиі жүктейтіні  алаңдатады.  Әрине, ата-аналар сүйкімді сәбилерін мақтан тұтады.

Алайда, сарапшылар балалардың суреттерін ашық жариялауға болмайды деп есептейді. Себебі мұндай суреттерді әркім әртүрлі мақсатта пайдалануы мүмкін.

Ал, он  ата-ананың тоғызы  интернетке балаларының суреттерін ғана емес,  баланың атын, туған күнін көрсетіп, інілері мен әпкелері туралы ақпарат жазады екен.

Қаншалықты ақпарат көп болса, алаяқтарға балаңызбен жақын араласуға соншалықты мүмкіндік туады. Ал, балалар отбасы туралы толық ақпарат білетін адамдарға сеніп, тез тіл табысып кететінін ұмытпаған жөн.

 

Интернет материалдары бойынша дайындалды

Сурет: femy.ru

Хабарламаларға жазылу