Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбай дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбай дүниеден озды

05.05.2015
Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбай дүниеден озды

Оразбек Сәрсенбай 1938 жылы 20 тамызда Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы «Жаңа тұрмыс» ауылында дүниеге келген.

1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін, Шиелідегі орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, республикалық жастар газеті «Лениншіл жаста» әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында (1968–1973), «Қазақ әдебиеті» газетінде (1974–1982) бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында (1982–1986) әдеби кеңесші, 1987–1993 жж. «Жазушы» баспасының бас редакторы, «Өнер» (1993–1995), «Қайнар» баспасының (1996) директоры болған.

Алпысыншы жылдардың басында баспасөз беттерінде оның алғашқы өлеңдері мен әңгімелері жарияланған. Кезінде «Лениншіл жас» газетінде «1961 жыл» атты публицистикалық дастаны басылған. Осы уақытқа дейін 20-ға жуық кітабы шыққан.

Ол әр жылдарда В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искандер, т.б. өзге ұлт жазушыларының таңдаулы әңгімелерін қазақша сөйлеткен. «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», Қасиетті дұғалар», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», «Мұхтасар», т.б. ондаған кітаптарды қазақшаға аудару ісіне тікелей араласқан.

Оразбек Сәрсенбай негізінен бүгінгі заман тақырыбына қалам тартқан суреткердің бірі еді. «Шамшырақ» (1990), «Шеңбер» (1998) романдары кешегі социализм заманында өмір сүрген ұрпақтың басынан өткерген қилы-килы тағдырын сөз еткен нағыз көркем, кестелі туындылар ретінде әдебиетіміздің алтын қорына қосылған дүниелер болды.

Оның «Уәде» атты повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы (1987), «Шамшырақ» романына халықаралық «Алаш» сыйлығы (1994) берілген. Ал, «Шеңбер» романы үшін О.Сәрсенбай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын (2000) алған. ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

Хабарламаларға жазылу