Қазақ өнерінің үлкен дарынды тұлғасы, КСРО Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, «Парасат» орденінің иегері, дирижер Шамғон Қажығалиев қайтыс болды.
Бұл туралы танымал әнші, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің бөлім меңгерушісі, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік солисі Сержан Мұсайын өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазады.
Шамғон Сағаддинұлы Қажығалиев 1927 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған. Дирижер, Қазақстанның (1967) және КСРО-ның (1985) Халық әртісі. Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы, 1950), Санкт-Петербор консерваториясының опера-симфония дирижері факультін бітірген (1964).
1950-1960, 1964-1968 жылдары және 1971 жылдан Қазақ халық аспаптары оркестрінің, 1968-1971 жылдары Қазақ симфониялық оркестрінің көркемдік жағын басқарушы және бас дирижері қызметін атқарды. 1970 жылдан Алматы консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданды.
Ш.Қажығалиевтың басқаруымен Қазақ симфониялық оркестрі М.Глинка, Л.Бетховен, В.Моцарт, Г.Берлиоз, В.Моцарт, П.И. Чайковский, С.В.Рахманинов, С.С.Прокофьев, А.И. Хачатурян, Д.Д. Шостакович, А.Жұбанов, М.Төлебаев, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов т.б. композиторлардың шығармаларын орындап, әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетті.
Қазақ халық аспаптары оркестрі Шамғон Қажығалиевтің жетекшілігімен Қытайда, Румынияда, Венгрияда, Финляндияда, Польшада, Италияда, Португалияда, Данияда, т.б.елдерде өнер сапарларында болды.
Ш.Қажығалиев Мемлекеттік сыйлық иегері (1982), Жастар мен студенттердің Бухаресте өткен дүниежүзілік фестивалінің жеңімпазы (1953). «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған.