2016 жылы шетелден әкелінетін көліктерге бастапқы тіркеу алымы енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2016 жылы шетелден әкелінетін көліктерге бастапқы тіркеу алымы енгізіледі

18.12.2015
2016 жылы шетелден әкелінетін көліктерге бастапқы тіркеу алымы енгізіледі
Енді, елге ескі көлік әкелемін десеңіз 1 миллион теңгеңізді дайындай беріңіз. Жаңа жылдан бастап Қазақстанға кіргізілетін қолданыстағы көліктерге бастапқы тіркеу құны енгізіледі. Бұл халықаралық тәжірибеде бар тәсіл. Мәселен көрші Ресей осылайша өздерінің көлік өндірісін қолдап, қоршаған ортаны ластаушылармен күресті ширатқан. Ал, Қазақстанда бұл үрдіс қалай жүзеге асады?

Қолдан жасалған кептеліс. Тура жолда көлік сынды да қалды. Тозығы жетті өйткені. Ескі көлік ақауы қыстың қытымыр суығында өзге көлік жүргізушілерін айтпағанда, өз иесін әуреге салды. Енді елестетіңіз. Қазақстанда 6 көліктің 5- сеуі дәл осындай халде. Олардың қолданыста жүргеніне 20-жылдан асты. Жылына шамамен 200 мың тонна улы түтін ауаға шығарып отыр.

Эколог Мұсағали Дуамбеков: «Ескі автомобильдерге келетін болсақ, олардың қондырғылары әбден тозған .Сондықтан жанармайдан алған небір улағыш заттырды мәселен көмірқышқылды, аллюминийді, жартысын-жағып, жартысын жақпай ауаға лақтырады. Сондықтан әлем елдері 7-8 жылдан асқан көліктерді қолданыстан шығаруға тырысады.Әрине оған мемлекеттік шешім қажет»-дейді.
Бастапқы тіркеу алымын енгізудің әуелгі себебінің бірі осы. Экологияға кері әсерді мейлінше азайту. Ал екінші себеп мұнан да маңыздырақ. Тек ол жөнінде кейін. Әуелі тіркеу құнындарына тоқталып кетейік.

Мемлекет бекіткен жаңа стандарт бойынша енді қазақстандық азаматтар зауыттан шыққанына 1 жыл толмаған көліктерді елге әкелгені үшін 0,25 АЕК көлемінде ақы төлейді. Ал, көліктің қолданылу мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін жетсе 50, 3 жылдан асса салынатын салық 500 АЕК. Ал ауыр автокөліктерге бекіген төлем басқаша. Мұнда мерзімі 3 жылға жеткен көліктер үшін 240, 5 жылға дейінгіге 350, 5 жылдан асқанға 500 АЕК төлейсіз.

Алайда бұл бастама тіркеу алымының Қазақстанда тіркеліп қойған көліктерге қатысы жоқ. Олар баяғыша қолдану мерзіміне қарамастан 0,25 АЕК көлемінде ақы төлеуді жалғастыра береді.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің басқарма басшысы Серік Рахымов: «Бұл тәжірибе бүгінде әлемнің бірқатар елдернде бар.Мәселен Дания, Болгария, тіпті көрші Ресей ескі көліктерден құтылудың осы механизміне көшкеніне біраз болды. Ал төлем көрсеткіштеріне келер болсақ бұл жағынан біз халықаралық тәжірибеге сүйендік. Сондықтан мұның бәрі жай алынып қоя салынған баға емес .Егер сіз басқа елдермен салыстырып көрсеңіз біздің бекіген төлем көлемінен айырмашылық болмайды»,- деп атап өтті.

Қазір Ресей осы арқылы отандық авто өндірісін қорғап, қолдап отыр. Манағы біз айтқан бастапқы төлем алымының басты себебі де осы. Отандық автокөлік саласына серпін беру. Жаңа механизмнің орнауымен Ресейлік азаматтарға сырттан көлік тасу тиімсіз болып кетті. Ал, бізге сырттан келітн көлік нөпірі азайған жағдайда отандық автоөндіріс ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алады ма? Министрлік мамандары 100 пайыз деп жауап берді. Бүгінде елімізде автокөлік құрастырумен айналысатын 7 кәсірорын бар. Тағы екеуі келер жылы іске қосылады. Олар Қазақстанның автокөлік нарығын толық қамтуға қауқарлы.


Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу