Жеңістің 70 жылдығына орай «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы ұйымдастыратын «Шын жүректен» атты концертте соғыс жылдарындағы әндер жаңаша шырқалмақ.
Естелік концерт қазақстандық эстрада жұлдыздары мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрінің қатысуымен өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерттің басты мақсаты – 1941-1945 жылдардағы соғыста жауынгерлердің қаһармандық ерліктеріне құрмет көрсету, жастарды патриоттық руһта тәрбиелеу.
Кеште Қазақстанның Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының жүргізушілері, отандық танымал орындаушылар – Ерлан Рысқали, Құрмаш Маханов, Дәурен Сейітжан, Жұбаныш Жексенұлы, Бақыт Шадаева, Мөлдір Әуелбекова, Ерлан Көкеев, Әлішер Кәрімов, Әйгерім Қалаубаева, Досымжан Таңатаров, Рүстем Нұржігітов және т.б. әскери әндерді жаңаша көркемдік бейімдеумен орындайды.
Кеш барысында шырқалатын әндер қатарында «Кестелі орамал», «Темная ночь», «Журавли», «В землянке», «Әлия», «День Победы», «Пляска», «Солдатская полька», «Победная пляска», «Сарбаздар», «Болмасын соғыс», «Ақ көгершін», «Жас қазақ», «Сағадат», «Бейбіт күн тілегі», «Мен сендерді іздеймін» туындылары бар.
Концерт 30 сәуір күні сағат 15:00-де «Қазмедиа орталығының» концерт залында өтеді. Ал, кештің телевизиялық нұсқасын 9 мамыр күні сағат 21:00-де «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан көре аласыздар.