Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сізді «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұжымының атынан 26 сәуір күні өткен Президент сайлауында жеткен теңдессіз жеңісіңізбен құттықтаймыз!
Бұл бүкіл әлемге біздің еліміздің бірлігі мен ынтымағын паш еткен саяси маңызы өте зор оқиға болды. Біз халық болып, Қазақ елі болып дауыс бердік. Отандастарымыздың 95 пайыздан астамының сайлау учаскелеріне келуі – әр азаматтың Сізге деген сенімі, елдің ертеңін тереңнен ойлап, бағдарлай білуі. Бұл, Сіз айтқандай, халқымыздың саяси мәдениетінің өскендігінің көрсеткіші.
Осы сайлауға әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңнан астам байқаушылардың, шетелдік журналистердің Қазақстанның бірлігіне, сеніміне, Қазақстанның ішкі татулығына жоғары баға бергені, ол туралы бүкіл әлемге жария еткендігі – үлкен мақтаныш.
Біз, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі ретінде, Қазақстанның Мәңгілік Ел болу жолында бар күш-қайратымызды салып, аянбай еңбек етуге дайын екендігімізді жеткізгім келеді.
Құрметпен, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұжымы.