«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы Германияның Бухенвальд және Цайтхайндағы әскери тұтқындарды жаппай қамау орындарынан дайындаған арнайы репортаж ұсынады. «Журналистік зерттеу» бағдарламасының шеф-редакторы Азат Рыстанбек осы орындарға арнайы барып, бағдарлама шығарылымына арқау болған бірегей суреттерге қол жеткізді.
Бағдарлама қамаудағы қазақстандықтардың белгісіз тағдырларына арналған.
«Жеңістің 65 жылдығына орай Германиядағы Қазақстан Республикасының елшілігі «Арманда кеткен боздақтар» атты естеліктер кітабының бірінші томын шығарған. Бұл кітапқа алғаш рет қазақстандық тұтқындардың есімі енді. Бұл тарихи құжаттар америкалықтарда сақталып келген. Кейін Ресейге берілді. Енді бұл деректер кітапта жарияланды. Журналистік зерттеу жүргізуге дәл осы кітап себепші болды. Бұл қазақстандықтар кімдер? Олардың тағдырлары қалай болды? Жоғалып кеткен ата-бабасы туралы кез келген ақпарат алуға талпынған сол тұтқындардың туған-туыстарын, жақындарын табуға талпынамыз», - дейді А.Рыстанбек.
«Журналистік зерттеу» арнайы жобасының шеңберінде түсірілген фильм «Қазақстан» телеарнасынан 29 сәуір күні сағат 19.10-да көрсетіледі.