Алматыда ақын Мақпал Мысаның «Аспандаудың көктемі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Осыған орай таңғы бағдарламада қонақта болған ақын: «Бұл – менің үшінші жыр жинағым. Кітапқа махаббат, табиғат лирикасы, сапар саздары, жүрекке ерекше әсер еткен сәттерде туындаған өлеңдер енді»,-дейді.
«Алдағы уақытта тек өлең жазумен шектеліп қалмай, үлкен тақырыптарға барғым келеді. Мысалы, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, қазақ тарихында болған ел мен жердің, жетім мен жесірдің дауын шешкен, үлкен істерде дуалы сөз айтып, шешімін тауып отырған Шоқан абыз туралы және сол дәуірдің бейнесін суреттеп берсем деген ойда жүрмін. Қазір зерттеп, зерделеп жатырмын»,-дейді Мақпал Мыса.
«Өзім тауда өскендіктен болар, биіктік, тереңдік, кеңдік дегенді білеміз. Ақындықты жалпы мен тағдыр деп ұғамын. Өлең де тылсым дүние. Қашан келіп, қашан көңіліңе қонарын өзің де білмейсің. Ешбір таққа да, баққа да айырбасталмайтын қасиет те – өлең».
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.