Уильям Шекспир әуелі театрға келушілердің атын бағушы болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Уильям Шекспир әуелі театрға келушілердің атын бағушы болған

23.04.2015
Уильям Шекспир әуелі театрға келушілердің атын бағушы болған

Бүгін - ағылшын жазушысы, әлемнің ең әйгілі драматургтерінің бірі Уильям Шекспирдің туған күні.

1564 жылы 23 сәуірде Англиядағы Эйвон өзенінің бойында дүниеге келген.

12 трагедия, 16 комедия, 6 тарихи хроника - соның ішінде бірнеше бөліктен тұратын 4 поэма және 154 сонеттен құралатын циклдар авторы.

Оның пьесалары әлемнің түгел дерлік тілдеріне аударылып, көптеген елдің сахнасында қойылды. 1585-1612 жылдары Шекспир Лондонда тұрды. Ол кезде мұнда 10-ға жуық театр бар-тын. Ол әуелі өзі жақсы көрген театрға келушілердің атын бағушы, соңынан актер, режиссер, драматург болады. Пьесалары алғаш рет студент жастардың қатысуымен сахналанған.

Сол кезден бастап Уильям Шекспирдің барлық өмірі театрмен өрілді. 

Өзінің «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» және басқа да трагедияларында Шекспир қайырымдылық пен әділеттілік туралы жырлады. Ол күшті, ержүрек кейіпкерлерді, олардың жоғары сезімдерін - сүйіспеншілік пен достықты, адалдық пен ерлікті мадақтады.

Оның шығармашылығы үш кезеңге бөлінеді.

Бірінші кезеңінде (1590-1600 ж.ж) - «Венера мен Адонис», «Лукреция» поэмалары, «Қателіктер комедиясы», «Асауға тұсау» туындылары дүниеге келді.

Екінші кезеңі  (1601-1608 ж.ж) - Англия өміріндегі қоғамдық-саяси өзгерістермен тұтас келді. «Гамлет», «Отелло»,  «Король Лир», «Макбет», «Антоний мен Клеопатра», «Афиналық Тимон», «Кориолан» сынды шығармалары ұсынылды.  

Үшінші кезеңіне (1609-1612) «Перикл» (1609), «Цимбелин» «Қысқы ертегі» шығармалары жатады.

Шекспир пьесалары қазақ тіліне аударылып, республикалық көптеген театрларында қойылып келеді. «Отелло», «Асауға тұсау» т.б. туындылары М.Әуезовтің аударуымен күні бүгінге дейін сахнадан түскен емес.

1970 жылы Алматыда У.Шекспирдің «Сонеттер» атты жеке кітабы басылды. Оларды алғаш рет қазақ тіліне аударған - Мұқағали Мақатаев пен Хамит Ерғалиев. 

Хабарламаларға жазылу