«Қазақстан Барысы – 2015» турнирі 5 шілде күні «Сарыарқа» велотрегінде өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан Барысы – 2015» турнирі 5 шілде күні «Сарыарқа» велотрегінде өтеді

15.04.2015
«Қазақстан Барысы – 2015» турнирі 5 шілде күні «Сарыарқа» велотрегінде өтеді

Астанда өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев биыл Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің ақтық сыны дәстүр бойынша Елорда күнінің қарсаңында, 5 шілде күні Астана қаласындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтетінін хабарлады.

Регламент бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің іріктеу жарыстары төрт кезең бойынша ұйымдастырылады:

- ауылдар мен елді мекендерде;

- аудандық, қалалық жерлерде;

- облыстық іріктеу жарыстары;

- турнирдің ақтық сыны.

Ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық жарыстар мен турнирдің ақтық сыны 18 жастан жоғары ересектер арасында +80 келі, яғни абсолюттік салмақ категориясы бойынша өткізіледі. Ақтық сынға ауылдық, аудандық жерлердегі іріктеулерден өткен облыстық кезеңдердің және Астана, Алматы қалаларының жеңімпаздары мен күміс жүлдегерлері жолдама алады.

Дәстүр бойынша финалға іріктеу кезеңдерінен өткен 32 палуанмен қатар былтырғы жылғы «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов та қатысады.

Республикалық ақтық сайысқа қатысатын палуандар арасында 2015 жылдың 19-23 мамыр аралығында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиыны өткізіледі.

Арман Шораев турнирдің жүлде қоры 350 000 доллардан артық болатынын атап өтті. «Қазақстан» және «KАZsport» республикалық телеарналары турнирден тікелей көрсетілім тарататын болады.

Бұл жылы төрешілік сақтандыру жарнасы 1 мың АҚШ долларын құрайды.

2014 жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде Мұхит Тұрсынов жеңіске жеткен.

Хабарламаларға жазылу