Қазақстанның барлық аймақтарындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мектепішілік медиа-форум аясында «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның жұмысымен танысты.
Нақтылай кетсек, оқушыларға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, олар түсірілім алаңдарын, жаңалықтар студиясын, радиотарату дирекциясын аралады. Ал, тележүргізушілер Ләйлә Сұлтанқызы, Ламбриан Топузидис пен танымал журналист Махат Садық тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи медиа-индустрияның жұмысы туралы ақпарат берді.
Мектепішілік медиа-форум шығармашыл, белсенді әрі креативті идеялары бар елінің нағыз патриоттарын жинаған. Еліміздің 15 өңірінен жиналған оқушылар мектептерінде тек математика, физика, химия және биологиядан ғана білімдерін жетілдіріп жатқан жоқ, олар сонымен бірге, газет шығарып, мектеп сайтын ақпаратпен толтырады, түрлі әлеуметтік желілерде мектептерінің ресми парақшаларын жүргізеді. Видеоролик жасаумен, фильм түсірумен, тіпті, мектеп радиосын эфирге шығарумен де айналысады.
Медиа-форум барысында оқушылар телебағдарламалардың қалай түсіріліп, тікелей эфир қала жүргізілетіні, түрлі брифингтер мен баспасөз мәслихаттарының қалай өтетіні туралы ақпараттанып, танымал журналистермен кездесті.