Бүгін Алматыдағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында профессор, әнші, «Айгүл» ансамблінің негізін қалаушы Ағайша Исағұлованың «Көкпар» атты шығармашылық кеші өтеді.
«Халық кештің атын неге «Көкпар» қойғанымды сұрап жатыр. Мен жалпы, ән жазуды кеш бастадым. Үшінші-төртінші әнім осы «Көкпар» болды. Кейін «Жаңа ғасырға жаңа ән» атты республикалық конкурсқа бердім. Сол байқауда Гран-приді ұтып алған едік.
Осы ән арқылы шығармашылық жолым ашылды, деуге болады. Қайда барсам да мені «Көкпаршы қыз», дейді. Осы «Көкпармен» бағым жанды. Ал, жалпы кешке қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары қатысады»,-дейді әнші.
«Айгүл» ансамблін құрарда мынадай ой келді. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін басшылық бізді алып қалды. Сонда Әзірбайжанда «Гая» бар, Грузияда «Орэра» бар, басқа мемлекеттерден де шығып жатыр. Бізде неге ансамбль жоқ деген оймен, ол кезде Ескендір Хасанғалиев аға бізге жаңадан келген жұмысқа, сол кісіге бардық.
«Аға, квартет ұйымдастырайықшы»,-дедік. Ол кісі: «Төртіншілерің қайда?»,-деді. Ол кезде Құрманай Әжібаева I курс студенті. Ән айтқанын көргенбіз. Сол қызды шақыртып алдық та, дауысын тыңдап көрсек, қоңыр-салқын альт екен. Осылайша, аяқ астынан құрылып, Ескендір аға бірнеше ән жазып берді.
Кейін Өзбекәлі Жәнібеков келетін болды да, біз әнімізді айттық. Ол кісі қатты қуанып, «ат қояйық»,-деді. Сөйтіп, бірнеше нұсқа ат ойластырдық. Бір кезде Өзбекәлі аға: «Айдай болсаңдар, гүлдей жайнасаңдар, қандай тамаша! Осы атты қойсаңдаршы»,-деді. Осылайша «Айгүл» ансамблі болдық. Бүгінде жолымызды жастар жалғастырып жатыр».
Толығырақ «Таңшолпанда».