«Doing Business» рейтингісінде Қазақстанның позициялары жақсарып келеді

07.12.2015
«Doing Business»  рейтингісінде Қазақстанның позициялары жақсарып келеді
«Doing Business»  рейтингісінде Қазақстанның позициялары жақсарып келеді

Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде Қазақстан 41 орынды иленеді. Осылайша еліміз жалпы рейтингтегі көрсеткішін 12 сатыға жақсыртып отыр.

Еліміз Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісіне 2009 жылдан бері қатысып келе жатыр. Бұл рейтингке әлемнің 189 елі қатысады. Рейтингте кәсіпорындарды ресми тіркеуге қою, құрылыс жұмыстарына рұқсат алу, электр желілеріне қосылу, меншікті тіркеу, несие алу, миноритар инвесторларды қорғау, салық салу, халықаралық сауда, келісімшарттарды орындау, төлем қабілетінің болмауынан туындайтын мәселелерді шешу көрсеткіштері ескерілген. Барлығы 10 индикатор.

Еліміз бұл рейтингте осымен төртінші реті үздік елу елдің қатарына кіріп отыр. Алғаш рет 2011 жылы Қазақстан «Doing Business -2012» рейтингінде 47 орынға шықса, «Doing Business -2013» рейтингінде 49, 2013 жылы «Doing Business-2014» рейтингінде 50 орынға шыққан. Ал, «Doing Business -2015» рейтингінде 53 орында болды. Ал, биылғы «Doing Business-2016» рейтингісінде 41 орында тұр. Осы тұста ескеретін бір жайт, Дүниежүзілік банк бұл рейтингті алдағы жылға есептеп жасайды. Әйтпесе, 2016 жылдың әлі бастамалғандығын жұрт білсе керек-ті.

Қазақстан «Doing Business-2016» рейтингісінде бірқатар позицияларын жақсартқан. Мәселен, келісімшарттардың орындалу көрсеткіші бойынша біздің ел әлемдегі үздік он мемлекеттің қатарына кіреді. Жекеменшікті тіркеу, салық жүйесінің тиімділігі бойынша үздік жиырмалыққа кіреміз. Яғни, жекеменшікті тіркеуден 19, салық жөнінен 18 орындамыз. Ал, миноритар инвесторларды қорғау көрсеткіші бойынша 25 орындамыз. Атап өтер бір жайт, осы көрсеткіште Қазақстан бір жыл ішінде рейтингтегі орынын 39 сатыға жақсартқан. Ал, кәсіпкорындарды тіркеу көрсеткішін 32 сатыға жақсартып, қазір әлем бойынша 21 орында тұрмыз.

Дегенмен, кәсіпкерлік нысандарына дер кезінде электр қуатын жеткізу мәселесі бойынша мақтана алмаймыз. Бір жылда 3 сатыға төмендеп, 71 орында тұрақтадық. Ал, кәсіпкерлердің халықаралық саудағы қатысу көрсеткішінде көп өзгеріс жоқ. Өткен жылы 121 орында болсақ, биыл 122 орынға түстік. Мамандар «Doing Business» рейтингіндегі көрсеткіштер елге инвестиция тартуға қосымша мүмкіндіктер беретіндігін айтып жүр.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу