Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік қызметкерлерге магистратура дәрежесін немесе шетелдегі білімді міндеттеу жүктелмек, деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Жемқорлық тәуекелдерін талдау және анықтау басқармасының жетекшісі Динара Жаненова.
«Қазiргi уақытта оның жұмыс өтiлi мен жоғары бiлiмінiң болуы талап етiледi. Бiрақ, мемлекеттiк қызметте жұмыс түрi әр түрлi келедi. Бiр жұмыс аналитикалық, яғни байыптылықты, бiр орында отыруды, құжаттармен жұмыс iстеудi талап етсе, екiншiсі ұйымдастырушылық қасиеттердi қажет етедi. Үшiншiсi халықпен жұмыс iстеудi, оларға кеңес беруге негiзделедi. Соған байланысты қызметкерлерге түрлi машықтар, ептiлiк пен біліктілік қажет болады. Сондықтан бiз мемлекеттiк қызметтегi барлық лауазымдарға функционалдық шолу жасаудамыз», - дедi ол.
Оның айтуынша, үміткердің магистрлік дәрежесі де осындай талаптар қатарынан табылмақ. Соған қарап, мемлекеттік қызметкерлер құзырының профилi әзірленіп жатыр. Яғни мемлекеттік қызметке қажеттi машық, икем мен қасиеттердiң тiзiмi жасалады. Соған орай, мемлекеттiк қызметке қабылданарда осы біліктілiк талаптарына сай болуы қадағаланады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, талаптар қатарына магистратура, соның ішінде шетелдік магистратура деңгейі енгізілмек. Немесе, үміткердің білімі толықтай шетелдік білім болуы керек деген талап та болады.
«Қазір мемлекеттік қызметкерлер шетелдік әріптестерімен, шетелдік мемлекеттік органдармен көп жұмыс істейді. Сондықтан, әртүрлі келіссөздер барысында, қандай да бір шешім қабылданарда, құжаттарды дайындағанда біздің мемлекеттік қызметкерлердің білімі бәсекеге қабілетті болу керек. Сондықтан, біз лауазымдардың жекелеген түрлері үшін талапты күшейтпекпіз»,-деп түсіндірді Д.Жаненова.