Жуырда Колумбияның Баранкильеде қаласында WBA Fedelation белбеуінің иегері Қанат Ислам мен 31 жастағы колумбиялық Орландо Де Хесус Эстрада кездесіп, Қанат Ислам спорттық атағын қорғап қалды. WBA Fedecaribe тұжырымының чемпионы бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Қандай жарысқа болсын, тек чемпион боламын деп дайындаламыз. Екі ай уақытым тек қана осы 19-шы кездесуге кетті. Сол дайындық нәтижесіз емес. Ендігі кездесуді АҚШ-та өткізу жоспарда бар. Ол жақтан екі келісімшарт келді. Қарсыласым алдағы аптада анықталады»,-дейді боксшы.
«Бала кезімде ағаларымнан: «Мен қалай тез жеңіске жетемін?»,-деп сұрайтын едім. Сонда олар: «Сен қазақтың батырлар жырын оқы, олардың әр шайқас алдында қалай дайындалатынына назар аудар»,-дейтін. Қарап отырсам, бұл адамға жігер береді екен. Бүгінде рингке шыққан сайын, сондай көңіл-күйде боламын. Өйткені, соңымда халық қарап отыр, қарсылас та жеңілемін деп келмейді. Сондықтан, барыңды саласың».
Әлеуметтік желілерде қазақтың намысын қорғап жүрген екі батыр Қанат Ислам мен Геннадий Головкин рингте кездеседі деген жазбалар бар. Осы турасында боксшы: «Гена – мықты жігіт. Оны өмірде де, спортта да қатты сыйлаймын. Екеуіміздің салмақтарымыз жақын, мен 70 келіде шықсам, ол 72 келі салмақта. Бірақ, екеуіміздің арманымыз екі басқа. Екеуіміз де қазақпыз, Қазақ елінің намысын қорғаймыз, екеуімізге де Қазақ елінің намысы қымбат, екеуіміздің да мақсат етіп жүрген қарсыластарымыз бар. Біздің рингте кездесуіміз мүмкін емес. Себебі, әркімнің өзінің қарсыластары жетіп-артылады. Менің ойымша, екі қазақты таластырудың қажеті жоқ»,-дейді.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.