Қазақ жігіті әлемді велосипедпен шарлап шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ жігіті әлемді велосипедпен шарлап шықты

29.03.2015
Қазақ жігіті әлемді велосипедпен шарлап шықты

Жер жүзін велосипедпен шарлап жүрген қазақстандық Мағжан Сағымбаев Наурыз мейрамын Қытайда қарсы алды.

27 жастағы Мағжан Сағымбаев велосипедпен 2014 жылдың 1 мамырында 28 мың шақырымдық жолға шығып, Еуразия, Солтүстік және Оңтүстік Америка және Австралияға Bike The Earth деп аталатын саяхатын бастаған.

Ол велосипедімен Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан арқылы Иранға өтіп, кейін Еуропаға жеткен. Еуропадан Америкаға ұшақпен жеткен Мағжан Сағымбаев қос Американы велосипедпен аралап шыққан.

Саяхатшы сапар алдында тек Солтүстік Американы аралауды жоспарлаған екен. Кейін жоспары өзгеріп, Оңтүстік Америкаға да саяхаттады. Одан кейін Австралияға барған Мағжан Сағымбаев бұл күндері Қытайда жүр. Мағжан Сағымбаев бірнеше айдан кейін елге оралмақ.

«20 елді аралап шықтым. 164 ірі қалада, 200-ден астам шағын ауылдарда болдым», - дейді саяхатшы.

Ол Камбоджада жергілікті балаларға ағылшын тілін оқытып, Лаостағы бірнеше тайпаларда қонақта болған. Эквадордағы Сumbre Rucu Pichincha шыңына шығып, Колумбияның Богота, Кали қалаларында Латын Америкасының мәдениетімен де танысқан.

Хабарламаларға жазылу