Республикалық аламан айтыста Біржан Байтуов бас жүлде иемденді. Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына және Жеңістің 70 жылдығына орай. Ұлыстың ұлы күніне арналған республикалық Наурыз айтысы өтті.
Бұл жолғы аламан айтысқа Бекарыс Шойбеков, Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева, Мұхтар Ниязов, Біржан Байтуов, Әсем Ережеқызы, Мақсат Ақанов, Қанат Мырзахан, Қажымұқан Абзалов, Нұрлан Есенқұлов және т.б елімізге есімі белгілі ақындар қатысты.
Жыр додасына белгілі жазушы-журналист Мархабат Байғұт төрағалық етті. Әділқазылардың ортақ шешімі бойынша бас жүлдеге Біржан Байтуов лайық деп табылды. Шымкенттік ақынға 1 миллион 500 теңгенің сертификаты тапсырылды.
Жүлделі 1-орын — С. Тоқтамысоваға (1 миллион теңге), 2-орын — А.Жаппарқұловаға (750 мың теңге) ал, 3-орын Ә.Ережеқызына (500 мың теңге) бұйырды. Айтысқа қатысқан басқа да ақындарға арнайы жүлделер мен сыйақылар табысталды.
Наурыз айтысы алғаш рет 2004 жылы ұйымдастырылған. Содан бері бұл жыр додасы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.