Қазақстан футбол федерациясының Алматы қаласындағы өкілдігінде әуесқой командалар арасында жағажай футболынан ҚР чемпионаты, Кубогы және Суперкубогын ұйымдастыру бойынша жиын өтті.
Шараға Астана, Павлодар, Шымкент, Ақтөбе, Аягөз, Қапшағай қалаларының өкілдері, сонымен қатар, ҚФФ Алматы қаласындағы өкілдіктің директоры Виктор Катков қатысты. Жиында аталған шараларды өткізу мерзімі, құрылымы және орны жөнінде сұрақтар талқыланды.
Сонымен қатар, жағажай футболының 2015 жылғы күнтізбелік жоспарын бекітті.
Күнтізбеге сәйкес, қазақстандық футболшылар маусымды 29-31 мамырда Қапшағайда өтетін Қазақстан Суперкубогымен бастайды. Ал, чемпионаттың бірінші туры 9-12 маусымда өтеді. Қапшағай қаласы алғашқы турдан бөлек, 22-25 маусым және 4-8 тамызға белгіленген біріншіліктің екінші және төртінші турын қабылдайды. Ал, үшінші тур 14-17 шілде аралығында Павлодар қаласында өтеді. Сондай-ақ, Қазақстан Кубогын 28-31 тамызда Қапшағайда өткізу жоспарланған.