Сұлтан Әбішұлы – бір отбасын өрттен аман алып қалған батыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сұлтан Әбішұлы – бір отбасын өрттен аман алып қалған батыр

17.03.2015
Сұлтан Әбішұлы – бір отбасын өрттен аман алып қалған батыр

Сұлтан Әбішұлы бір отбасын өрттен құтқарып, ажалдан арашалап қалған батыр. Ол үйінде ұйықтап жатқан кезде, бөлменің іші жап-жарық болып кетіпті. Таң атқан ба деп терезеге қараса, көрші үйдің шатыры лапылдап жанып, бет қаратпай тұр екен.

Сұлтан ойланбастан, шалт қимылдап,  сыртқа жүгіреді. Көрші үйдің есігін қақса, ешкім ашпайды, содан шарбақтан секіріп түсіп, үйдің есігін бұзып, ішке кіреді. Ең алдымен, екі баланы және олардың анасын алып шығады. Сосын ащы түтінге уланған отағасын оятуға ұмтылады.  Одан кейін үй иесінің анасын алып шығуға түпті бөлмеге беттейді.

«От лаулап жатқан кезде, адам ішке кіруге сескенеді екен. Қиын жағдай. Бауыржан ағамыз айтқандай, «20 жас нағыз ерлік істейтін жас»,-дегендей, біз жиырма емес, елуге келіп қалдық. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», деген де бар. Менің бұл әрекетім ерлік емес, көрші алдындағы парызым ғана»,-дейді Сұлтан Әбішұлы.

Бір-ақ күнде баспанасыз, азық-түлік, киім-кешексіз  қалған Қадырқұловтар отбасы бүгінде Сұлтан Әбішұлының үйінде тұрып жатыр. «Сый қылсаң, сыпыра қыл» деген тәмсілді ұстанған ол көршілерін үйінің бір бөлмесіне орналастырған.

 

Хабарламаларға жазылу