Баян Секербаева телевизия саласында 1986 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Жұмысқа алғаш диктор болып келген ол қызметін Целиноград облыстық телевизиясынан бастайды.
«Бұрын телеарналар қазіргідей көп емес. Сол себепті бұл салаға келіп, қызмет ету – үлкен мәртебе саналатын»,-дейді Баян Балтабайқызы.
«Ол кезде телеарнамыз Кеңестер одағының Орталық телевизиясы деп аталды. Онда екі арна болатын. Бірі – «Орбита-1», екіншісі - «Дубль». Дикторлыққа конкурс өтті. Алдыңда 20 шақты комиссия мүшесі отырады. Онда облыстық Мәдениет басқармасының өкілі, қалалық Мәдениет басқармасының өкілі, орыс драма театрының режиссерлері, телеарна басшылары бар. Сондай-ақ, ол кезде екі тілде хабар тарататын едік қой. Сол себепті, қазақ, орыс редакцияларының бас редакторлары, дикторлар бөлімінің басшысы комиссия қатарында отыратын».
«Конкурс кезінде поэзиядан, прозадан үзінді оқисың, одан кейін сұрақ-жауап болады. Ол кездері қазақ тілін білетіндер аз еді. Маған «Сіз қазақ тілін жаттап алдыңыз ба, жоқ әлде, шынымен жетік білесіз бе», деп өздерінің жаңалығын оқытты. Содан 100-ден аса үміткердің арасынан өтіп, осында қызметке келдім».
Баян Секербаева мұнда оқып қана қоймай, диктор деген диплом алып шығады. Ол екінші жоғары білім ретінде саналатын.
«Кейін мені осы республикалық телеарнаға шақырды. Мен дикторлықтан бөлек, басқа да қызметтер атқардым. Арасында журналистикамен де айналыстым, аға редактор, координатор болдым. Ол кезде «Ақшам-ақпарат» бағдарламасы бар еді. Телеарналар ішінде Ақмоладан шыға бастаған ең алғашқы бағдарлама осы болды. Редакторы – Марат Тоқашбаев. Сол кісінің орынбасары болып қызмет еттім».
«Облыстық телеарнаға келгенде ақыл-кеңесін айтатын адамдар көп болды. Олардың қатарында Күләш Иманқұлова, режиссер Бағдат Азиева, Светлана Жильцова, қазақ телевизиясының алғашқы дикторларының бірі – Ләзиза Аймашева бар. Біз Ләзиза Аймашеваны «дикторлардың екінші анасы» деп атайтынбыз. Сонымен қатар, Игорь Кирилов, Светлана Макаровадан тәлім алдық»,-дейді Баян Балтабайқызы.
«Қазір Ұлттық арнаның техникалық мүмкіндіктері өте жақсы дамыған. Біздің кезімізде 1-2 ғана камера болатын. Елбасының, Үкімет басшыларының іс-сапарларынан хабарды телефон арқылы беретінбіз. Қазір ондай емес, кез келген хабарды халыққа барынша анық жеткізуге болады. Бұл – үлкен жетістік».