Қалыбек Атжан: Бізге керегі – халықтың арасында көбірек жүру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қалыбек Атжан: Бізге керегі – халықтың арасында көбірек жүру

08.03.2015
Қалыбек Атжан: Бізге керегі – халықтың арасында көбірек жүру

Кәсіби журналист Қалыбек Атжан – 1978 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітіріп шыққан. Ол бесінші  курста оқып жүргенінде-ақ  «Лениншіл жас»  (қазіргі «Жас Алаш») газетіне қызметке шақырылады. Арада екі жыл өткеннен соң Қазақ радиосында редактор болып қызмет етеді.

«Ол кездері біздің корпорация Қазақ ССР Министрлер кеңесі жанындағы радио және телевизия хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитет деп аталатын. Мен сол комитетің хатшысы болдым. Арада 1-2 жыл өтпей,  аға редакторлыққа көтерді. Сол жылдары ең жас аға редактор мен екенмін»,-деп еске алады Қалыбек Айтжан Ұлттық арнада басталған еңбек жолын.

«Ауыл өмірі» деген радиостанция болатын. Ол өз алдына жеке хабар тарататын. Мен сол редакцияда қызмет еттім.  Біздің бас редакторымыз Абай Өтегенов деген өте білгір, білімді азамат болды. Ол кісі журналистердің сөйлеу, жазу мәнеріне, стилистикасына өте қатты мән беретін. Сондай-ақ, Қазақ радиосының сол кездегі директоры болған Мадрид Рысбековтің де тәлімін алдық».

«Әр заманның, әр уақыттың өз талабы бар. Телевизия деген – сөйлеу, жазу шеберлігімен ғана  жүретін дүние емес, бұл – күрделі технология. Технологиялық  үрдіс – жыл санап емес, уақыт ілгерілеп жаңарып отырады. Уақыттың ағымына  ілесе алуың керек. Сол тұрғыдан алып  қарағанда, бұрынғы Ұлттық арнаның,  хабарларының өзінің көтеретін жүгі, айтатын ойы болды. Қазіргі хабарлардың өзіндік бағыт-бағдары бар». 

«Кезінде  «Алтыбақан» деген бағдарлама эфирге шықты. Табиғат аясында, түнде түсірілетін хабар. Бұл хабарды жас та, жасамыс та  сүйсініп қарайтын еді. Одан кейін  небір майталман әртістер қатысқан «Қымызхана» деген хабар көрсетілді. Бұлар жұрттың сағына еске алатын бағдарламалары.

Өйткені, телеарна қызметкерлері мемлекеттік тапсырысты орындап қана қоймай, ең әділ төреші – халықтың да көңілінен шыға білуі керек.  Ал, халыққа не керек, халық нені көріп, нені естігісі келеді? Осы бағыттан алғанда, бұлар – халықтың сұранысына жауап бере алған хабарлар болды».

«Бізге керегі – халықтың арасында көбірек жүру. Халықтың пікірін естіп, айтар ойына құлақ түріп жатсақ, одан біз ұтылмаймыз»,-дейді журналист.

Сөз соңында әйелдер қауымын төл мерекелерімен құттықтаған Қалыбек Атжан: «8 наурыз – қыз келіншектердің көктемнің әдемі әсерін, сұлулық пен әдемілікті бейнелейтін  мерекесі. Ал, біздің аналарымыз – өмірдің гүлі.  Жалпы, ғаламда небір жақсылық, әдемілік, әсемдік бар соның бәрін біз аруларымыздың бойынан көргіміз келеді.

Біздің қыздарымыз – қазақтың қызы, қазақтың аруы, қазақ деген киелі халықтың ұрпағы деп өзгелер тамсанатындай болса деймін»,-деген ақжарма тілегін білдірді.

Хабарламаларға жазылу