Алматыда 23 жастағы келіншек үшемді дүниеге әкелді. Оларға Әнел, Әзел, Әдел есімі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өзінің ерекше жағдайын Айжан Мусина жүктіліктің 6-7 аптасында білген.
«Алғаш тексерілген кезімде егіз деп айтқан. Жүрек соғысын бақылау кезінде үшінші жүректің лүпілі естілген соң, үшем көтеріп жүргенім белгілі болды. Қатты толқыдым», - дейді ол.
Босанғанына жарты ай болса да, Айжан сәбилерінің қайсысы кім екенін ажырата алмайды. Мамандардың айтуынша, бұл - биылғы жылы тіркелген алғашқы үшем.
«Балалар өте ауыр жағдайда туды. Алғашында жан сақтау бөлімінде жатты. Кейін өз күшімен демала бастады. Барлығының салмағы 2 келіден асады», - деді қалалық перинаталдық орталықтың жаңа туған балалар патологиясы бөлімінің меңгерушісі Светлана Лисогор.