Сәдібек Түгел 60 жасқа толады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәдібек Түгел 60 жасқа толады

22.02.2015
Сәдібек Түгел 60 жасқа толады

23 ақпан күні Астанада қоғам қайраткері, журналист Сәдібек Түгелдің мерейтойы өтеді. Шара барысында  мерейтой иесінің «Астана хикаялары», «Летопись столичной прессы» атты  жаңа кітаптарының тұсауы кесілмек.

Сәдібек Түгелдің есімі қазақстандықтарға жақсы таныс. Қазақстан Республикасының жаңа астанасы бой көтергелі бері ол Астана қаласы Халықаралық баспасөз орталығының негізін қалаушы, тұңғыш баспасөз хатшысы болды. Баспасөз орталығы бүгінде елімізде ғана емес сонымен қатар, шетелдік 100-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіреді.

Сонау 1998 жылы баспасөз қызметі саласының мамандары алдында Астана қаласының БАҚ бетіндегі жаңа бейнесін қалыптастыру міндеті тұрған еді. Бұл орасан күш пен кәсібилікті талап етті. Осы орайда Сәдібек Түгелдің жетекшілігімен ең өзекті тақырыптарды қамтыған  мыңнан астам баспасөз мәслихаты, брифинг, дөңгелек үстел өткізілді.

Астананың жаңа имиджін қалыптастыру мақсатында 1998 жылы Елордада халықаралық шара өтті. Оған әлемнің 60 көшбасшы БАҚ-ы келді. Олардың арасында «Reuters», «CNN», «BBC», «The Associated Press», «Agence France-Presse», «Xinhua», «Итар-ТАСС», ОРТ, РТР, «Деловые люди», «Известия», «Комсомольская правда» және басқалар болды.

Сәдібек Түгелдің жетекшілігімен  2002 жылы Халықаралық журналистер күніне орай Барлық БАҚ журналистерінің фестивалі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Сәдібек Түгел «Астана ақшамы», «Елорда - Астана», «Вечерняя Астана», «Пульс - столицы» газеттері, «Астана дауысы - Голос Астаны» ақпарат агенттігі, «АС - ТВ» (ТК «Астана») телеарнасының қалыптасуына үлес қосты.

Ол Елорданың оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан «Жерұйық» саябағы атауының авторы. Саябақтың атауын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қолдаған.

Сәдібек Түгел түрлі марапаттан да кенде емес. Ол ҚР Журналистер одағы Совет Масғұтов және Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері. Сондай-ақ, «Астана» медалімен, екі мәрте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. Астананың жаңа бейнесін қалыптастыру жолындағы еңбегі үшін ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың грантын алған.

Ол – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген спорт қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген туризм қайраткері.

Хабарламаларға жазылу