Бүгін - Салық Зимановтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Салық Зимановтың туған күні

19.02.2015
Бүгін - Салық Зимановтың туған күні

Профессор, академик Салық Зиманов қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы. Өнегелі өмірінде академик 200-ге жуық, ғылыми еңбек жазып, заң ғылымдарының өркендеуіне сүбелі үлес қосты.

Жастайынан қиыншылық пен ашаршылықтың азабын тартқан ол ержете келе соғыстың да зұлматын көрген. Соғыс аяқталған тұста Бүкілодақтық заң институтының Алматы филиалын тәмамдап, 1950 жылы Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын тәмамдаған.

Ғылымға тереңдей бойлаған ғалым ұзақ жылдар бойы зерттеу еңбектерін жазды, шәкірт тәрбиеледі. Оның азаматтығы мен қайраткерлігі туралы замандастары да тебірене еске алады.

«Салық Зиманов біздің республикамыздағы үлкен ғалымдардың бірі. Біз сондықтан да оны еліміздегі «Заң ғылымдарының патриархы»,-деп санаймыз. Ол біздің арамыздағы ең беделді, ең құрметті, ғылымда зергерлік көрсеткен азамат»,-дейді заң ғылымдарының докторы, академик Сұлтан Сартаев.

Салық Зимановтың есімімен еліміздегі жоғары заң білімінің дамуы мен ғылыми зерттеу жұмысының өркендеуі тығыз байланысты. Ол көбіне ғалымның ғылыми еңбектерінде көрініс тапқан.

«Қазақ заң ғылымдарының патриархы» деген құрметке лайық азамат ел басына күн туған шақта да қиындыққа мойымаған. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында жастар үшін арашаға түсіп, Колбинге ашық пікірін жолдаған.

Экономика ғылымдарының докторы, академик Ораз Баймұратов: «Жұмыстан шығарып жібермесе де, психологиялық тұрғыда талай таяқ жеді. Желтоқсан оқиғасы кезінде қарсы шыққан қазақ зиялылары көп емес. Әлі есімде, академияның жиналысында ашық пікір айтқан осы Салық Зиманов еді»,-деп еске алады.

Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

 
 
 

Хабарламаларға жазылу