Қазақ қой жүнінен киіз басу өнерін тым ерте меңгерген. Ғасырлар бойы мол тәжірибе жинақтап, заман озған сайын технологиясын жетілдіре түскен. Туырлық, сырмақ, текемет, байпақ, кебеже секілді тұрмысқа қажетті сан түрлі бұйым киізден жасалған. Сондықтан, ұлттық құндылықты ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Этнограф Болат Бопайұлы: «Қолмен басылған киіздің ерекшелігі – қаңтар мен ақпанның суығында жылуды жақсы сақтайды. Су өтпейді. Жаздың шіліңгір ыстығында салқын болады, күн өтпейді. Сосын киіздің тағы бір артықшылығы, ол ескірген сайын шымырлана түседі»,-дейді.
Ұлбосын Бақтығалиқызы киіз басу өнерін заманға сай жаңғыртып жүр. Оның шеберханасында шапан, кеудеше, белдемше, тақия, байпақ сияқты киімдер тігіледі. Жалпы, киізден жасалған дүниелер денсаулыққа пайдалы, қолданысқа қолайлы, жуып алуға да жеңіл.
«Атадан қалған дәстүрді дамытсақ дейміз. Соңымыздан ерген ұрпақ, бұл өнерді көріп-біліп өссе екен деген ниетпен қолға алдық»,-дейді қолөнер шебері.
Бүгінде шетелдіктермен де тәжірибе алмасып жүрген шебердің өнерін «Таңшолпаннан» көре аласыздар.