Бүгін – Жүрсін Ерманның туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Жүрсін Ерманның туған күні

12.02.2015
Бүгін – Жүрсін Ерманның туған күні

Жүрсін Ерман шығармаларының көркемдік қуаты, парасат-пайымы өте жоғары. Қарапайым ғана оқиғалар арқылы ұлттық, адам­заттық мәселелерді көтеру – Жүрсін Ерманға тән ерекшелік.

Ғұмырын айтысқа арнап, талай жүйрікті тәрбиелеп, талай ақынның бағын ашқан Жүрсін Ерманның өзіне де, өлеңіне де қаламгерлер бір сөйлеммен-ақ бағасын беріп қойған. Сатирик Көпен Әмірбек «Жүрсін – ақындар университетінің ешқандай бұйрықсыз бекітілген ректоры» десе, ақын Серік Ақсұңқарұлы «Жүрсіннің 70 өлеңін 70 томға айырбастамас едім» деп бағалайды.

Ал, аға буыннан Тұманбай Молдағалиев: «Ол менен жас жағынан көп кіші болғанымен, ой алымы, дүние танымы артық болмаса, кем еместей»,-десе, Сәкен Иманасов:   «Әу дегеннен-ақ, өз тұстастары арасынан суырыла алға шығып, ойлы да орнықты сыры, беделді де бейнелі жырымен қазақ поэзиясы сарбаздарының сапына екпіндей келіп кірген дарынды жастың сол жылдарғы жүрдек те жүйрік қалам алысы мен қанат қағысына қызыға қарағанмын»,-деп жүрекжарды лебізін жеткізген.

Біздің анықтама:

Жүрсін Молдашұлы Ерман – 1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында дүниеге келді. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

1980 жылға дейін Жезді ауданы «Октябрь туы» газетінің әдеби қызметкері, 1971-1978 жылдары Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің аға редакторы, 1978-1980 жылдары  Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің бас редакторы болады.

1982-1992 жылдары  Қазақ республикалық телевизиясының бас редакторы, 1992-1996 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақ мемлекеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан қанаты» - «Крылья Казахстана» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды.

1997-2003 жылға дейін шығармашылық жұмыста болды. 2003-2006 жылдары  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, 2006-2007 жылдары  «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары - Қазақ радиосының бас директоры болып қызмет етті.

2007-2009 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған. 2009 жылдан бастап - «Алматықұрылыс» Ұлттық холдинг компаниясы акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі.

Тұңғыш өлеңдер жинағы - «Жанартау» 1983 жылы жарық көрді. «Арайлы күн армысың», «Ұлытауға бардың ба?..», «Құдіретке жүгіну» , «Екі тізгін, бір шылбыр» атты кітаптардың авторы.

Өлеңдері мен поэма, балладалары адам, оның жан дүниесі, рухани құдылықтарын өзек етеді. Жүрсін Ерман қазақтың айтыс өнерін қайта жаңғырту, оны теледидар мен радиода насихаттау ісінде айтарлықтай жұмыстар атқарды.

1984 жылдан ақындарды үлкен сахнаға шығарып, халық өнері, ұлттық рухты көтеруге үлес қосты. Ақындар айтысын жинақтап жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Қазіргі айтыстар» (2005, Астана, 2 том) жинағын құрастырды.

Жүрсін Ерманның Бірнеше бейне, аудиокассета, дискілері жарыққа шыққан. Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері. Халықаралық Қазақ тілі қоғамының мүшесі.

Хабарламаларға жазылу