Осы маусымда «Эвертон» клубының қорғанысы өткен жылдағыдай мықты емес екенін қақпаға өткізілген голдар саны арқылы көруге болады. Алайда «Кристал Пэлас» пен «Ливерпуль» клубтарымен өткен соңғы екі ойында команда қақпасына гол соғылмады. Бұл – қорғаныстағы екі қорғаушы, Ягиелка-Стоунс жұбының еңбегі. «Эвертон» бапкері Роберто Мартинес бүгінгі «Челсимен» өтетін ойында да осы қорғаушыларды алаңға бірінші минуттан шығарады.
Осы жолы Мартинес ойынды қорғану мәнерінде өткізеді, дейді мамандар. Себебі бірінші айналымда «Эвертон» өз алаңында «Челсиге» 3:6 есебімен ұтылған еді.
«Стэмфорд Бридж» стадионында өтетін ойында «Челси» командасында Диего Коста (дисквалификация) алаңға шықпайды. Бірақ Жозе Моуриньо жарақатынан айыққан Сеск Фабрегасты бірінші минуттан матчқа қосуы мүмкін.
«Челси» – «Эвертон» арасындағы матчты «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан бүгін түнгі сағат 01:40-та тікелей эфирде көре аласыздар.