«Елдің ерлігі». Соғыс кезінде өнер көрсеткен жандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Елдің ерлігі». Соғыс кезінде өнер көрсеткен жандар

10.02.2015
«Елдің ерлігі». Соғыс кезінде өнер көрсеткен жандар

II Дүниежүзілік соғыста Жеңіске жету жолында Қазақстанның мәдени қызметкерлері де үлкен үлес қосты. Қазақстанда құрылған 11 концерт бригадасы майданда өнер көрсетті. Қазақ әртістері  майданның алғы шебінде 2 мыңға жуық концерт берді. Мәдени қызмет көрсету мақсатымен 1941 жылы Алматыда майдандық концерт бригадалары ұйымдастырылды.

Олардың құрамында республиканың көрнекті әнші-актерлері К.Байсейітова, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев, Ж.Омарова, Р.Бағланова, Е.Өмірзақов, Ү.Тұрдықұлова, Ә.Үмбетбаев М.Абдуллин, Б.Артықова, Н.Әбішев, Ш.Бейсекова, Қ.Лекеров; бишілер Ш.Жиенқұлова, З.Розмұхамедова; домбырашы Л.Мұхитов болды.

Әртістердің майданға арнайы келіп, өнер көрсетуі жауынгерлерді  қаһармандықпен соғысуға, тыл еңбеккерлерін жанқиярлық еңбекке жігерлендірді.

90-ға жуық ақын, жазушы майдандағы жауынгерлер қатарында болды. 1941 жылы қыркүйекте қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ленинградтықтарға арнап жазған «Ленинградтық өренім» жыры фашистердің қоршауындағы  қаһарман қала халқына, оны қорғаушыларға үлкен рухани дем берді.

Соғыс жылдарында Ж. Жабаев «Ленинградтық өренімді», Ж. Саин өлеңдер жинағын, Қ. Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңызды», С. Мұқанов «Өмір мектебін», М. Әуезов «Абай» роман-эпопеясының жазды.

Ал, кино өнері саласында Алматыда актерлерді даярлайтын бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты жұмыс істеді. Киностудиялар М. Әуезов, Г. Мүсірепов т.б. жазушылардың көмегімен «Абай әндері», «Жауынгер ұлы», «Саған майдан!», «8-гвардиялық» сияқты картиналарды түсірді.

Бүгін сағат 20.00-де «Елдің ерлігі» деректі фильмінің соңғы бөлімінде  соғыс кезінде өнер көрсеткен жандар туралы баяндалмақ.

Хабарламаларға жазылу